Канадада жеміс жинайтын маман тапшы
Жұмысшы қай кезде де сұранысқа ие. Әсіресе маусымдық жиын-терінге адам қолы тапшы. Мысалы Еуропа өзге елдің азаматтарын жалдауға мәжбүр.
Канадаңыз да қол жұмысына зәру. Былтыр мұнда 3 млн мигрант шекара асып келген. Оның жартысына жуығы маусымдық жұмысқа шықты. Енді бұл елдер табыс табу үшін шекара асып келген азаматтарға қандай жағдай жасап отыр? Жалдамалы жұмысшыларға тағы қай елде сұраныс жоғары?
Жиын-терін маусымында Канадада жұмыс күшін табу өте қиын. Өйткені жеміс жинау қол еңбегін қажет етеді. Ал жергілікті халық мұндай жұмысқа құлықсыз. Сол себепті шаруалар маусымдық кадрды шетелден шақырады. Үкімет ұсынған халықаралық еңбек бағдарламасына қатысу үшін 18 жастан асқан, орта білімі бар, тіл білетін, тәжірибелі кез-келген шетел азаматы визаға өтінім бере алады. Компаниялар жұмысшыны жатын орны, тамағын беріп тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал бір жылдық жалақы көлемі біздіңше 15 млн теңге. Бұл сағатына 8 мың теңге шамалас. Жиын-терім жұмыстары көктем, жаз, күз айларында қыза түседі. Сәуірде құлпынай мен шие жинау басталады. Ал шілде-тамыз айларында өрік, таңқурай, көкжидек теру жалғасады. Күз айлары – алма, алмұрт, жүзім жинау маусымы. Канадаға әдетте Мексика, Орталық Америка және Шығыс Еуропа тұрғындары жұмыс іздеп барады.
Финляндияда жұмысшыларға сұраныс жоғары
Финляндияда шаруалар тыным таппайды. Өйткені мұнда қысы-жазы жеміс жинау жұмыстары тоқтамайды. Фин билігі жалдамалы маманға 3 айдан 1 жылға дейін маусымдық жұмыс ұсынады. Тек жеміс теруші ғана емес, тракторшы, супейвайзер сияқты техникалық кәсіп иелері де сұранысқа ие. Ал еңбекақы жиналған жемістің көлеміне қарай есептеледі. Бір келі құлпынай үшін 1-1,2 еуро, яғни 550-660 теңге көлемінде төлем төлейді. Ал қаптаушылардың орташа жалақысы сағатына 6 мың теңге. Табыс көзін іздеушілердің дені көрші елдерден Румыния, Польша, Болгариядан жиі барады.
Жүзім жинауға жалдамалы жұмысшылар тартылады
Ал күз айларында Испанияға келушілер қатары артады. Өйткені бұл маусымда жүзім жинау басталады. Қол еңбегін қамтамасыз ету үшін мұнда көбінесе молдовалықтар жалданып жұмыс істейді. Жүзімнің түріне қарай терім жұмыстары қиындай береді. Есесіне жұмысшының тәжірибесіне қарай төленетін ақы да жоғары болады. Сондай-ақ кей жұмыс берушілер қарамағындағылардың тұрғын үй, тамақ және көлік шығындарын да қамтамасыз етеді. Оларға орташа есеппен сағатына 7-9 еуро, шамамен 4-5 мың теңге төленеді. Ал жүзім жинау жұмыстары жиі жүргізілетін жерде төлем сәл жоғары болуы мүмкін.
Мельчор Каса, жұмысшы:
- Міне, көріп тұрғандарыңыздай бәрі қол еңбегін қажет етеді. Жемістер үзіп алу оңай болмай тұр. Ал бұған техниканы қолдану мүмкін емес.
Альгейра Фернандо Гонсалес, шаруа:
- Жүзім шаруашылығы үздіксіз күтімді қажет етеді. Ал оны теру жұмыстарына кез-келген адам шыдай бермейді. Тек қызығушылығы барлар ғана маусымдық жұмысқа атсалысады.
Нидерландта гүл теру сағатына - ₸ 8 мың
Гүл шаруашылығымен әлемге танымал Нидерландқа жыл сайын екі қолға бір күрек іздеген мыңдаған шетел азаматы ағылып келеді. Гүлге оранған аймаққа саяхаттап, әрі табыс табу үшін осындай қадамға баратын шетелдіктердің көбі – Польша, Румыния, Болгария азаматтары. Оларға ұсынылатын жылдық орташа жалақы – шамамен 17 млн теңге.
Жиын-терін жұмыстарын құлтемір атқарады
Британдық шаруалар жиын-терін жұмыстарына робот көмекшілерді пайдалана бастады. Жергілікті Dogtooth компаниясы құрастырған құлтемір күніне 200 келіге дейін құлпынай жинайды. Сондай-ақ жемістің толық пісіп-піспегенін алдын ала анықтай алады. Себет толған кезде оны жауапты маманға автоматты түрде хабарлайды. Фермерлердің айтуынша қарапайым халық қол күшін қажет ететін ұсақ жұмыстарды істегісі келмейді. Сол себепті адамдарды роботпен ауыстыруға мәжбүр.
Дункан Робертсон, Dogtooth компаниясының бас директоры:
- Бұған дейін біз мамандарды Польша, Румыния, Болгария, Молдовадан алдыратынбыз. Қазір бұл аймақтардан жұмысшы шақыру қиынға соғып отыр. Сол себепті маусымдық жұмыстарға сонау Өзбекстан мен қара құрлықтағы Угандадан адам шақыруға мәжбүрміз. Бірақ болашақта адамның орнын бірыңғай құлтемірмен ауыстырмақпыз. Өйткені темір көмекшіге визаның керегі жоқ. Тұрмыстық қажеттілікке зәру емес.
Шетелде еңбек ету бүгінде таңдау емес, қажеттілікке айналып барады. Жұмыс іздеу үшін өзге елге аттанатын қазақстандықтар да бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес 2023 жылы 13 мыңнан астам отандасымыз жұмыс істеу үшін шет мемлекетке қоныс аударған. Олардың таңдауы Ресей, Польша, Оңтүстік Корея мен Ұлыбритания елдері.