Қырғызстанда жанармай алымы енгізілді

Қырғызстанда көлік салығы алынып тасталды. Оның орнына жанармай алымы енгізілді, деп хабарлайды 24kz.

Тиісті жарлыққа Президент Садыр Жапаров қол қойды.

«Мұндай өзгеріс енгізудегі басты мақсат әділ жүйе құру», - дейді сарапшылар. Енді әр жүргізуші жүрген жолына қарай шығындалады.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Биыл Қырғызстанның бюджетіне жолдан 5 млрд сом түсу керек-тін. Алайда, соңғы енгізіліп жатқан өзгерістерден кейін түсім біршама өседі. Біздің ақшамен 35 млрд теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Осы мақсатта 3 ай бұрын елдің Көлік және коммуникация министрлігі автокөлік салығын жанармай алымына алмастыруды ұсынып, мәселені парламенттің қарауына шығарған. Енді салық реформасына Президент қол қойды. Яғни, бұдан былай салық көлікке емес, жанармай көлеміне сай ғана салынады.

Марлен Маматалиев, Қырғызстан Парламентінің депутаты:

- Жақында жанармайдың әр литріне бір сомнан қосып отыру туралы ұсыныс айтылды. Түскен ақшаға жаңа жолдар салып, ескілерін пайдалануға жұмсалады. Бұрын бұл шығындар көлікке салынатын салық есебінен жабылған. Сол себепті тұрғындардың салық жүктемесін азайту үшін оны алып тастадық.

Бұған дейін жолға арналған қор жанармай акциздері, айыппұл, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылып отырған. Енді жанармай салығынан да кіріс түседі. Ол ақшаға билік жолдарды жөндемек. Бұл мақсатқа қазір 10 млрд сом қажет.

Алмамбет Шыкмаматов, Қырғызстан Қаржы министрлігі жанындағы салық қызметінің төрағасы:

- Көлік салығынан түскен кіріс жолдардың сапасын жақсартуға жұмсалу керек. Бірақ ол жергілікті бюджетке түсіп, кейін мүлдем басқа мақсатқа жаратылып отырған. Ал жанармай алымы тікелей көлік министрлігіне, соның ішінде жол қорына аударылады.

Президент 1 қаңтарға дейін көлік салығын төлеп үлгермеген жүргізушілер үшін амнистия жариялады. Ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін көлік салығы бойынша 2022 жылға дейінгі қарыздары кешірілді.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бақыт Чермашев