Америка үшін «алтын ғасыр» басталды – Дональд Трамп

Америка үшін «алтын ғасыр» басталды.

АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трамп өзінің ұлықтау рәсімінде осылай деді. Қалың қарашаға осы аптада сайлауалды науқанында уәде еткен жарлықтарға қол қоятынын жеткізді. Трамп тағы қандай уәде берді?

Капитолийдің Ротонда залындағы меймандар арасында АҚШ-тың бұрынғы президенттері, Дональд Трамптың әйелі, ұлдары, қызы мен күйеу баласы болған.. Бұдан бөлек шетелдік қонақтар да шақырылған. Солардың қатарында Аргентина президенті, Италия премьер-министрі де байқалды. Шараға сондай-ақ Трамптың бизнестегі достары да қатысты.

Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Дональд Трамп Америка үшін «алтын ғасыр» басталатынын жария етті. Ең басты мақсат -  өркендейтін, еркін әрі намысқой ұлт құру екенін айтты. Саясаткер америкалықтардың есінде бітімгер президент ретінде қалғысы келетінін айтты. Осы ретте жақында палестиналық ХАМАС тобы босатқан израильдік тұтұындарды мысалға келтірді. Саяси мәселелерге тоқтала отырып, Мексика шығанағы Америка шығанағы деп ауыстырылатынын да жеткізді.  

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

"Кейінгі 8 жылда маған көп қиындықты еңсеруге тура келді. 250 жылдық тарихымызда бірде бір президенттің басынан ондай прблема өтпеген шығар. Менің өмірім мен бостандығыма қатер төндіргісі келгендер болды. Бірақ Құдай мені Амерканы ұлы мемлекет ету үшін аман алып қалды."

Өз сөзінде Дональд Трамп сайлауалды науқанында уәде еткендей тарихи жарлықтарға қол қоятынын айтты. Соның ішінде көші-қон заңнамаларына тоқталып өтті. Ол Мексика арқылы келген миллиондаған мигрант отанына қайтатынын жеткізді. Саясаткер Америка энергетикалық және әскери мүмкіндіктерін кеңейтетінін де атап өтті. Импортталатын тауарларға баж салығын енгіземін деп отыр. Ол үшін арнайы қызмет ашылады. Осы апта коронавирус кезінде негізсіз қызметінен босатылған адамдарды қайта жұмысқа алу туралы жарлыққа қол қоятынын да айтты. Осындай шаралардың арқасында Америка қайта өркендей түседі дейді Дональд Трамп.

Жулдыз Атагельдиева