Өзбек футболшысы «Манчестер Сити» сапында доп тебеді

Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының ойыншысы Абдуходир Хусанов ағылшынның атақты «Манчестер Сити» командасының жейдесін киеді, деп хабарлайды 24KZ. 20 жастағы аяқдопшыны премьер-лиганың 6 дүркін чемпионы француздың «Ланс» командасынан 40 млн еуроға сатып алды. Бұл Өзбек футболы үшін тарихи оқиға. Жалпы көрші елде әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрінің даму қарқыны көз қуантады.

Әлішер Ибрагимов – талай футболшыны қанаттандырып, үлкен өмірге жолдама сыйлаған тәжірибелі бапкер. Манчестерге қоныс аударған Абдуходир Хусанов – солардың бірі. Әлішер бапкер Ситидің ойыншы таңдауда қателеспегенін айтады. Себебі Абдуходир бала кезінен еңбекқор болған.

Әлішер Ибрагимов, футбол бапкері:

- Осыдан бірер жыл бұрын әріптесім: «Абдуходирді сен командаңа алшы», – деп қолқа салды. Ол өзінен екі жас үлкен балалармен доп теуіп жүр екен. 4 жыл бапкері болдым. Қазан қаласында өткен чемпионатта бірінші орын алдық. Шыдамды, еңбекқор, ойлау қабілеті жоғары ойыншы. Оның жетістігіне қуанып жүрмін.

Өзбекстан мемлекеті футболға миллиардтап ақша бөлмейді. Пайдасыз легионерлерге валюта шашпайды. Жас таланттар осындай кішігірім жекеменшік мектептерден шығады. Бұл академияны Әлішер Ибрагимов 2 ай бұрын Ташкенттің іргесінен ашқан.

Әлішер Ибрагимов, футбол бапкері:

- Ұлттық құрамадан жақсы нәтиже күту үшін ең алдымен балалар футболына ерекше мән беру керек. Мына мектепті әдейі қаланың шет жағынан аштық. Себебі таланттардың көбі ауылды жерлерден шығады деген тәмсіл бар. Бірер жылда бұғаналарын қатырып, үлкен футболға ұшырамыз. Бізде қазір буын ауысты. Өзбек футболының болашағы зор.

Көрші елдің ұлттық құрамасы 2026 жылы АҚШ, Мексика, Канада бірігіп өткізетін әлем чемпионатына баруға бір табан жақын тұр. Команда ойыншылары әлемнің үздік клубтарында доп тебеді. Тарихи сәтті көрші ел асыға күтеді.

Даврон Эргашев, футбол агенті:

-Мен футбол агентімін. Соңғы жылдары шетелдерде өзбек футболшыларына сұраныс артты. Себебі біздің жігіттер көп ақшаға қызықпауды, қиындықтан қорықпауды үйренді. Аз ақшаға ойнап, өзіңді дәлелдеп, үлкен клубқа жолдама алуға болатынын түсінді. Абдуходирді үлгі ретінде қарауға болады. 

Мемлекеттен қырауар қаржы бөлмей-ақ футболды дамытуға болатынын өзбек ағайындар дәлелдеп отыр. Ал Абдуходир сияқты жігіттер мына жеткіншектердің арманын бір табан жақындата түскендей.