Түркияда 22 қаңтар Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды

Түркиядағы тау-шаңғы шипажайындағы өрте байланысты 22 қаңтар - Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Соңғы мәлімет бойынша оқыс оқиғадан 66 адам қаза тапқан. Тілсіз жау Болу провинциясында орналасқан 12 қабаттық қонақүйдің мейрамханасынан басталған. Жалын әп-сәтте ағаштан жасалған ғимараттың басқа бөліктерін шарпыған. Тап осы уақытта демалушылардың дені ұйқыда жатқан.

Жалпы Ыстанбұл мен Анкарадан шамамен 3 сағаттық жерде орналасқан бұл шипажай – Түркияның қысқы туризм орталықтарының бірі. 500 кісілік қонақүйде 234 демалушы болған екен. Әзірге қаза тапқандар мен зардап шеккендердің есімдері жария етілмеді. Дегенмен алдын ала ақпарат бойынша арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Өрттің нақты себебі белгісіз. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталды. Түркиядағы тілшіміздің хабарлауынша, 4 адам ұсталды. Бұл жағдайды президент Режеп Тайип Ердоғанның өзі жеке бақылауына алды.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Өрт туралы хабар жеткен бойда өңірге министрлер мен командаларымызды жібердік. Өртті сөндіруге 156 техника мен жеке құрамның 428 адамы жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі мен кінәлілерді анықтау үшін тергеу амалдары басталды. 4 адам ұсталды. Мұндай қайғылы оқиғаға себепкер болғандар заң алдында жауап береді. 22 қаңтар - Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Ертең еліміз бен шетелдегі өкілдіктерімізде туымыз төмен түсіріледі.