Түркияда аза тұту күні жарияланды

Түркияда аза тұту күні жарияланды

Түркияның Болу провинциясындағы тау-шаңғы демалыс орнындағы өрттен опат болғандар саны 76-ға жетті.

Бұл туралы бауырлас елдің Ішкі істер министрі мәлімдеді.

Көз жұмған 52 азаматтың есімі анықталды.  Оқиғаны тергеу барысында 9 күдікті ұсталды. Бүгін Түркияда ұлттық аза тұту күні жарияланды.

Түрік жұрты қара жамылды. Елде бүгін ұлттық аза тұту күні. Президент Реджеп Тайип Ердоған қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кінәлілердің лайықты жазасын алатынына сендірді. 

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

"Өрт туралы хабар жеткен бойда аймаққа министрлер мен жауапты адамдарды жібердік. Өрт сөндіруге 156 техника мен жеке құрамның 428 маманы жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі мен кінәлілерді анықтау үшін тергеу амалдары басталды. Оқиға бүге-шігесіне дейін зерттеліп жатыр. Осы қайғылы оқиғаға себепкер болғандар заң алдында жауап береді. Сыздаған жүрегіміздің жарасын сипаттауға сөз жетпейді. 1 күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Бүгін елімізде және шетелдегі өкілдіктерімізде туларымыз төмен түсіріледі. Бұл күн – бірлік пен ынтымақ күні." 

Өрт Түркия уақытымен шамамен түнгі сағат 3 жарымда демалушылар терең ұйқыда жатқан кезде 12 қабат ғимараттың төртінші қабатындағы асханада тұтанған. Бұл елде қазір мектептерде демалыс. Оның үстіне елде шаңғы тебу маусымы. Қонақүйде 234 адам болған. Билік бастапқыда құрбан болғандар санын 10 кісі деп жариялады. 

Али Ерликая, Түркияның Ішкі істер министрі:

"Қайғымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес, өкінішке орай, опат тапқандардың саны өсіп жатыр. Біраз мәйіттің жеке басы анықталды. Анықтай алмай жатқан мәйіттер бар. ДНҚ анықтау жұмысын Сот-медициналық сараптама мекемесі жүргізіп жатыр".

Шипажай қызметкерлері жалынды байқаған бетте қонақтарды шұғыл эвакуациялауға кіріскен. Алайда өрт негізінен ағаштан салынған ғимаратты тез шарпып, қонақтар мен қызметкерлерді көшіруі қиындады. Қонақүй еңісте орналасқандықтан, оған тек бір жағынан ғана кіре алған.

Мевлүт Өзер, куәгер:

"Түк істей алмай қалдық. Бірінші қабатта қосымша төсек бар еді. Жоғарыдағылар соған секірді. Не істерімізді білмедік. Құр жыладық." 

Өрттің шығу себебі 6 прокурор анықтап жатыр. 9 күдікті қамауға алынды. Арасында қонақүй иесі бар. Елдің ішкі істер министрінің айтуынша, өрт себебі 10 күннің ішінде анықталуы керек.

Меруерт Қанағат