Әлемдегі елдер шетелден қайтарылған активтерді қайда жұмсайды?
Шетел асқан ақшаны қайтару – Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының басты қағидаты.
Заңсыз активтерді қайтару әлем елдерінде қалай іске асады? Қайтарылған қаржы қандай мақсатқа жұмсалады?
Моңғолияда қайтарылған қаржы жетімдерге жұмсалады. Аталған ел 2021 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық қорғау органдарының ғаламдық операциялық желісіне қосылған. Бұл активтерді қайтару және қаржылық тергеу бойынша кеңес алуға мүмкіндік береді. Біріккен Ұлттар Ұйымымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенция аясында 1,3 миллион доллар өндіріп алған. Соманың бір бөлігі Моңғолияның солтүстігіндегі «Энерел» балалар үйіне аударылыпты.
Өзбекстанда қайтарылған актив балалар өлімін азайтуға бағытталады
Өзбекстанда бұрынғы президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнар Каримованың заңсыз иеленген активтерін тәркілеу әлі жалғасып жатыр. Швейцария банктерінен қайтарылған активтер елдегі ана мен бала өлімін азайтуға жұмсалады. Ақшаны қайтару ісімен Uzbekistan Vision 2030 қоры айналысады. Осы сәтке дейін 43 миллионнан аса доллар қайтарылған. Жалпы Гүлнар Каримова жымқырған активтері Франция, АҚШ, Латвия елдерінен табылып жатыр. Жалпы сомасы – 1 миллиард 400 миллион долларға жетеді деген дерек бар.
Қырғызстанда 4 жылда 125 млрд сом заңсыз актив қайтарылды
Айырқалпақты ағайын да заңсыз активтермен күреске белсенді кіріскенге ұқсайды. Қырғыз үкіметі кейінгі 4 жылда мемлекет қазынасына 125 миллиард сом қайтарды. Бұл науқан әрі қарай жалғасады және барлық кінәлі жазаға тартылады. Сарапшылардың пікіріне сілтемеге жасаған жергілікті ақпарат құралдары «Қырғызстан заңсыз активтерді елге қайтару ісінде Қазақстанның тәжірибесін үлгі қылып отыр» деп жазады.
БҰҰ: Заңсыз активтердің әлемдік көлемі – $1 трлн
Біріккен Ұлттар Ұйымы заңсыз активтермен күреске ерекше ден қойған. Осы іске серпін беру үшін халықаралық қауымдастық 9 желтоқсанды Жемқорлықпен күрес күні деп белгіледі. Өйткені заңсыз активтер кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті ресурсынан айырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі заңсыз активтердің жылдық көлемі триллион доллар. Жалпы ғаламдық экономика жемқорлықтың кесірінен жыл сайын 2,6 триллион доллар жоғалтады екен. Бұл жаһандық жалпы ішкі өнімнің 5 пайыздан астамы. Қыруар қаражат қолды болмағанда, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың игілігіне, гендерлік теңдікті орнатуға, кедейшілікті азайтуға және климаттың өзгеруімен күреске жұмсалар еді дейді мамандар. Соңғы 15 жылда әлем бойынша 4,3 миллиард доллар заңсыз актив қайтарылған.
Ернат Рахметолла