Биткоин бағасы күрт өсуі мүмкін

185 мың долларға дейін қымбаттайды деген болжам бар.

Криптовалюта нарығындағы жетекші сараптамалық "Гэлэкси рисёрч" ((Galaxy Research)) компаниясының сарапшылары осылай деп хабарлады.

Әлемдік криптовалюта нарығында биткоинның бәсі жоғарылап келеді. Былтыр тарихи көрсеткішке жетіп, 100 мың доллардан асқан болатын. Сөйтіп, электронды ақша қаржы нарығында үздік ондыққа енді. Бұл қарқын тоқтамайды деп болжайды сарапшылар. Оған АҚШ-ты криптоастанаға айналдырамын деген, Дональд Трамптың саясаты да әсер етуі мүмкін.  

Дэниел Айвс, "Wedbush Securities" технологиялық зерттеулер жетекшісі:

- Биткоинның алтын дәуірі туды. Егер биткоин АҚШ-тың мемлекеттің қазынасында айналымға енетін болса, бұл қаржы әлемінде үлкен жаңалық болар еді. 

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, криптовалюта американдық индекстерді басқаратын компаниялардың, тіпті кей елдің маңызды активтерінің тізіміне енеді. Сондай-ақ алпауыт тау-кен компаниялары мен жасанды интеллект саласында танымалдылығы артып келеді. Осылайша биыл жыл соңына қарай биткоин құны 185 мың долларға дейін қымбаттауы мүмкін. Дегенмен, ауадағы ақшаның тұрақсыздығана да мамандар алаңдап отыр.

Дэниел Айвс, "Wedbush Securities" технологиялық зерттеулер жетекшісі:

- Криптонарықтың тәуекелі жоғары. Оның бағасы құбылмалы. Бір тәуліктің ішінде 10-15 пайызға, тіпті 50%-ға дейін төмендеп немесе жоғарылауы мүмкін. Дегенмен, әзірге көрсеткіште ілгерілеу бар.  

Қазір АҚШ әкімшілігі криптовалюталардың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіріліп жатыр. Бұл ретте сарапшылар биткоинмен қатар басқа да цифрлық ақшалардың бағамы көтеріледі дейді. Криптовалюта ірі корпорациялардың, банктердің жүйесіне толыққанды еніп жалпы әлемдік қаржы жүйесінің ажырамас бөлігіне айналмақ.

Фариза Жанғанаева