Қазақ сәйгүліктері Дубайда дүбірлі додаға қатысты

Қазақ сәйгүліктері Дубайда өткен дүбірлі додаға қатысты.

Бұл жолы біздің арғымақтар жүлде еншілемесе де, әлемдік аламанның көркін қыздырды. Әсіресе, жұрт назары «Қабірханға» ауды. «Әл Мактум» ұшқырлар бәйгесінде ол жетінші болып мәре сызығын қиды.

Дубайдың «Мейдан» атшабары әлемнің әр қиырынан айтулы арғымақтарды біріктірді. Тұяғы талмаған, шашасына шаң жұқпаған жүйріктер жарысқа қосылды.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Ат дүбірін алыстан танитын қазақ мұндай аламаннан шет қалған ба?! Жылқы жануарын алғаш қолға үйретіп қана қоймай, онымен ұлан-байтақ атырабын жаудан қорғаған бабалар мұрасын бүгінгі буын жалғап келеді. Мәселен, мына жүлде қоры қомақты бәйгеде бір емес, бірнеше қазақ арғымағының бабы сыналып жатыр.

Араб жеріндегі сәйгүліктер сайысының басты айырмашылығы, арақашықтық қысқа. 1000 мен 3000 метр арасын қамтиды. Қазақы таным-түсінікте мұны ұшқыр бәйге дейді.

Қанат Мединов, атбегі:

-Эмиратта ұшқыр бәйге жақсы дамыған. Біздің Алматы бәйгесі де жақсы көрсетіп жатыр. Биыл былтырмен салыстырғанда 15 жаңа тұлпар жарысқа қатысып жатыр. Қазақстан атынан. Тілек ағамызға рақмет. Осылай дамытып, бастап жол ашқан сол кісі. Бұл жерде 30 млн доллар жалпы сыйақы деп отыр.

YOUTUBE.COM/RACINGDUBAI

БАӘ, Дубай

 «Қабірхан» биылғы бәйгелер легін Дубай төрінен бастап отыр. Бұған дейін 1 жыл бойы тыныққан. Ал өткен жылғы жеңісін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Осы күні тұлпарымыз мәре сызығын бірінші болып кеспеді. Десе де кеткен есені алдағы бәйгелерде қайтарып, финалға шығуға мүмкіндік бар.  

Саед Алотойби, Дубай тұрғыны:

- Бұл өте үлкен мереке. Керемет ат жарысын көріп жатырмыз. «Қабірхан» командасы жайлы көп естігенмін. Олар бүгін жеңіске жетпесе де алдағы аламандарда жүлделі орындарды иеленеді деп ойлаймын.

Жалпы арабтар жылқы жануарын ерекше қадір тұтады. Осындай ірі додаларға дайындап, ұшқырлық қабілетін арттырады. Айта кеткен жөн, жарысқа қазақстандық тағы 2 жас тұлпар қатысып, жақсы нәтиже көрсетті.

Рауан Мыңбай