ХАМАС тағы төрт израильдік тұтқынды босатты
Палестиналық ХАМАС ұйымы израильдік тұтқындардың екінші тобын босатты, деп хабарлайды 24kz.
Сөйтіп, еврей елінің билігіне 4 әйел тапсырылды. Барлығы әскери қызметкерлер. Израиль тарапы: «Тізімде тағы бір әйел болу керек еді», - дейді. Бірақ алдын ала мәлімет бойынша оны басқа палестиналық топ мүшелері ұстап отыр екен. Енді ол кісі тұтқындардың келесі кезегімен бірге, демек, 1 ақпанда жіберілуі тиіс. Ал ол бостылмайынша, Израиль Газадағы Нецарим дәлізінен әскерін алып кетпейміз деп отыр. Өткен аптада Газа секторындағы бейбіт бітім туралы келісім күшіне енді. Үш кезеңнен тұратын құжаттың алғашқысына сәйкес өңірде 42 күн оқ атылмау керек. Еврей елі Газаның халық көп шоғырланған өңірінен өз әскерін әкетуі тиіс. ХАМАС израильдік тұтқындарды жібереді. Ал еврей елі түрмедегі палестиналықтарды босатуы керек. Бұған дейін палестиналық топ 3 әйелді босатқан еді.