ДДСҰ өзінің ең ірі демеушісі АҚШ-тан айырылып қалмақ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы енді жұмысқа жаңа адамдар алмайды. Сондай-ақ қызметкерлерінің іссапарларға шығынын айтарлықтай азайтады. Оған Дональд Трамптың жоспары себеп.
Таяуда Ақ үй басшысы АҚШ-тың ұйымнан шығуы туралы жарлыққа қол қойды. Енді құжат келер жылдың қаңтарында күшіне енуге тиіс. Америкалықтар – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең ірі демеушісі. Олар ұйым қажеттілігінің 18%-ін өтеп келген. Жылына 500 миллион долларға дейін аударып отыр. Ал Қытай 40 миллион доллар бөледі екен. Дональд Трамп мұның әділетсіз екенін айтады. Енді халықаралық ұйым басшысы АҚШ-тан келетін қаржы тоқтаса, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бағдарламасының іске асуы қиындайтынын ескертеді.