Еуроодақ АҚШ-қа қарымта тариф енгізуге дайын

АҚШ Еуроодақтан келетін тауарларға баж салығын салса, қарымта тариф енгіземіз. Одақ елдерінің басшылары осылай деп отыр. Саясаткерлер қосымша салық экономикалық өсімді тежеп, екі жаққа да тиімсіз екенін айтады.

Бұған дейін Дональд Трамп Мексика мен Канададан импортталатын тауарларға 25%, ал Қытай өнімдеріне қосымша 10% баж салығын енгізді. Ақ үй басшысы: «Еуроодақтан келетін тауарларға да осындай тариф қолдануымыз мүмкін», – дейді. Екі жақтың тауар айналымы бір жарым триллион еуроға дейін жетеді. Бұл бүкіл әлемдегі сауда-саттықтың 30%-і. Бірақ Дональд Трамп: «Еуропалық тауарларды көп сатып аламыз», – дейді. Ал Еуроодақ тарабынан америкалық автокөлік және ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс төмен екенін айтады.

Камерон Джонсон, логистика саласындағы сарапшы:

- Ақ үй әкімшілігі өзге елдерге де тарифтер енгізуі әбден мүмкін. Солардың қатарында Таиланд, Вьетнам, Австралия, Еуроодақ мемлекеттері бар. Өйткені АҚШ олардан көп тауар сатып алады. Бірақ аталған елдер тарапынан ондай қызығушылық жоқ. Біз оларға ресурстарымызды, ақшамызды жұмсаймыз. Сондықтан баж салығын енгізу әділ шешім деп санаймын.