Су тасқынынан зардап шеккен Дерна қаласында билікке қарсы наразылық шеруі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24». Тұрғындар үкіметтен шаһар инфрақұрылымына жауаптыларды жазалауды талап етіп отыр. Қаланы жедел қалпына келтіру үшін БҰҰ-ның кеңсесін ашып, жапа шеккендерге өтемақы төлеу қажет деп санайды. Өткен аптада Ливияның шығысында Дэниел дауылы соғып, жаңбыр жауды. Толассыз жауынан Дерна маңындағы 2 бөгет жарылып, су тасыды. Халықаралық ұйымдардың мәлімдеуінше, табиғат апатынан 11 мыңнан аса адам қаза тапқан. Шеруге қатысушы: - Біз қаланы басқарған барлық тұлғаны қамауға алып, жазалауды талап етеміз. Олар кезінде жұрттың қарсылығына қарамастан шаһарды басқаруға лайықты деп танылып, лауазымды орындарға отырғызылған болатын.