Қазір төрткүл дүние Ауғанстанға көз тігіп отырғаны белгілі. ФИФА Ауғанстандағы футболшы қыздардың тағдырына алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24». Федерация бірқатар елдің билігіне оларды эвакуациялау туралы хат жолдады. ФИФА өкілдерінің пікірінше, қыздарға тәліптер тарапынан қауіп төніп тұр. Ауғанстандағы тұрғындардың жағдайына басқа да халықаралық ұйымдар алаңдап отыр. Мәселен ЮНИСЕФ өкілдерінің айтуынша, 10 миллион балаға шұғыл түрде гуманитарлық көмек қажет. Алайда Кабулдағы халықаралық әуежай уақытша жабық тұр. Ал тәліптер болса бақылауына өтпеген соңғы өңір үшін шайқасқа дайындалып жатыр. Ауғанстанда «Талибан» қозғалысы елді жаппай жаулап алмақ. Бұған дейін оның уысына елдің солтүстік-шығысындағы Баглан провинциясындағы 3 аудан өткен еді. Енді өңірмен шекаралас Панджшер провинциясы үшін шайқас басталатын түрі бар. Бұл Ауғанстанда тәліптердің билігі орнамаған жалғыз ғана провинция. Онда қарсылық күштері әрекет етеді. Жасаққа экс-вице-президент және тәліптерге қарсы кооалицияның бұрынғы басшысының ұлы жетекшілік етеді. Бұған дейін «Талибан» мүшелері «қарсылық күштеріне 4 сағат ішінде беріліңіңдер» деп ультиматум қойған. Алайда екінші жақ бұдан бас тартты. Енді соңғы мәлімет бойынша тәліптер Панджшер провинциясын қоршауға алған. Алайда қарсылық күштері қазір әлеуметтік желіде өліспей беріспейтіндерін жазып жатыр. Ал ел астанасы Кабулдағы жағдайға келсек, кеше мұндағы халықаралық әуежай 48 сағатқа уақытша жабылған. Ол арқылы шетелдіктер мен тәліптерден қашпақ болған тұрғындар эвакуацияланып жатқан. Бірақ әуе айлағына өткен азаматтарды қабылдап аттандыруға уақыт қажет болып тұр. Соған қарамастан елден кетуге асыққандардың қарасы қалың. Салдарынан әуежайда тәртіпсіздіктер басылмай тұр. Жалпы кейінгі бір аптада шамамен 20 адам эвакуациялық рейстерге өтпек болып көз жұмған. Мынау елден кетпек болған жандар. Бұл адамдар әуежайдың ашылуын күтіп, осылай далада түнеуге мәжбүр. Рейстердің уақтыша тоқтатылуына халықаралық ұйымдар алаңдаулы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ Ауғанстанға көмек жеткізу үшін әуе дәлізін орнатуды сұрап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 500 тонна медцина тауарларын елге кіргізе алмай әлекке түскен. Жалпы БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес, қазір елде 10 миллион бала гуманитралық көмекке мұқтаж. Сарапшылар «алдағы уақытта бұл сан тек арта түседі», дейді. Өйткені елде қуаңшылық орнаған. Бұл бір. Екіншіден, коронавирус пандемиясы бар. Халықаралық ұйым өкілдері «соңғы жағдайларға байланысты індетпен күреске тиісті көңіл бөлінбей жатыр», дейді. Алайда жергілікті дәрігерлер елдегі ахуал медициналық көмек көрсету жағына еш әсер етпегенін айтады. Латифф, Балалардың денсаулығы институтының жетекшісі: - Біздің аурухана қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Қабылдау және емдеу сол бұрынғыдай өтеді. Дәрігерлер ауысым бойынша жұмысқа шығып жүр. Халықаралық ұйымдарды босқындар мәселесі де алаңдатып отыр. Көбі 2015 жылғы жағдай қайталана ма дейді. Ол кезде Араб көктемі салдарынан атыс-шабыстан қашқан сириялықтар Еуропа елдеріне бас сауғалаған. Қазіргі жағдайдан кейін де босқындар көбейетіні түсінікті. Енді Еуроодақ елдерінің өкілдері оларды орналастыру мәселесі бойынша бір мәлімеге келе алмай отыр. Словенияның премьер-министр Ауғанстан азаматтарын қабылдауға қарсы. Алайда Еуропарламенттің өзге өкілдері оның шешімін қатаң сынға алып отыр. Австрия канцлері де мигранттарды елге кіргізгісі жоқ. Өйткені қазірдің өзінде мұнда 40 мың ауған босқыны тұрып жатыр. Негізі осы күнге дейін Ауғанстаннан кеткен мигранттардың 90%-ін көрші Пәкістан мен Иран қабылдап келген. Сыртқа кетпей-ақ мыңдаған адам Ауғанстанның өзінде қоныс аударуға мәжбүр. Малика Бано, босқын: - Біз Кундуз провинциясынан қашуға мәжбүр болдық. Өйткені онда атыс-шабыс басталып кетті. Жолдың көп бөлігін жаяу жүрдік. Кабулдағы қауіпсіз жерге жету үшін жүргізушіге келінімнің сырғасын шешіп бердік. Жалпы 20 мың ауған босқынын Ұлыбританияға қабылдауға келіскен. Осыған дейін америкалықтардың сұрауымен Албания мен Косово да мигранттарды елге кіргізуге әзір екендерін жеткізді.