Әлемде энергетикалық дағдарыс ушығып барады. Еуроодақ елдері Ресей газына тәуелді болмау үшін тығырықтан шығу жолын іздеп жатыр. Әзірге құрлықтағы бірнеше ел көмір қолдануға ниетті. Энергетикалық дағдарыс Түркия кәсіпкерлеріне де соққы болды. Әлемді Энергетикалық дағдарыс қыспаққа алды. Еуропаның 12 еліне Ресей газының экспорты айтарлықтай азайғаннан кейін одақ елдері баламалы қуат көзін іздей бастады. Жуырда Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен орыс энергия тасымалдаушыларына тәуелді болмау үшін шұғыл жоспар құру керек дегенді алға тартты. Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия басшысы: «Біз Ресей газының импорты кез келген уақытта толық тоқтап қалатына дайын болуымыз керек. Қазір Мәскеу Одаққа мүше 27 елдің 12-сіне газ жеткізбейді немесе шекті мөлшерде экспорттайды. Президент Путин энергияны қару ретінде пайдаланып жатқаны түсінікті. Сондықтан Еуропалық комиссия төтенше жағдайға қамдану керек. Тиісті жоспарды шілденің ортасына дейін әзірлейді. Әрине әр елдің өз жоспары бар шығар. Алайда Еуропадағы ынтымақтастықты нығайтқан абзал. Біз ортақ нарықты газбен қамтамасыз етуге талпынамыз». Сарапшылардың айтуынша, газдың орнын толтыру үшін Еуроодаққа кем дегенде 3 жыл қажет. Мәселе толық шешімін таппайынша кәрі құрлықтың бірқатар елі уақытша көмір қолдануға бел буды. Олардың қатарында 2030 жылға дейін көмірден толықтай бас тартпақ болған Германия да бар. Бұл ел жаңартылған энергия көзін өндіріп, энергетикалық қауіпсіздігін арттырмақ. Нидерланд билігі де газды үнемдеу үшін электрстанцияларға көмір қолдануға рұқсат берді. ГЕРМАНИЯ Олаф Шольц, Германия Канцлері: - Энергия ұзақ мерзімді әрі кез келген уақытта қолжетімді болу үшін энергетикалық қауіпсіздік пен қоршаған ортаға баса мән беруіміз керек. Бұған тек жаңартылған энергия көзі арқылы қол жеткіземыз. Тиісті жоспар Бундестагтың қаралымында жатыр. Осы аптада парламент нақты шешім қабылдайды деп ойлаймыз. ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС ТҮРКИЯ Энергия тасымалдау құнының шарықтауынан Түркия кәсіпкерлері зардап шекті. Кейінгі бір жылда аймақтағы зауыттарға қажетті газдың бағасы 3 есеге артқан. Шығынның өсуінен өндірілген тауар нарықтағы бәсекеге төтеп бере алмай отыр дейді сарапшылар. Казим Таяджи, Tayas Candy and Food Production Enterprise компанияның директорлар кеңесі төрағасының орынбасары: - Экспортқа шығатын компаниялардың жұмысы қиындады. Өйткені сырқы нарықпен бәсекеге түсуіміз керек. Ал қазіргі бағамен қолымыз байланып қалды. Жанармайдың қымбаттауынан қарапайым халық та қиналды. Қазір елде ұлттық валюта құнсызданып, экономикалық дағдарыс белең алды. Қыста күнімізді қалай көреміз. Газды үнемдейтін болсақ, жаурап отыратын боламыз. Қазіргі бағаны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. ШРИ-ЛАНКА Энергетикалық дағдарыс Шри-Ланка тұрғындарын да тығырыққа тіреді. Соңғы бірнеше апта бойы елге жанармайдың жаңа партиясы жеткізілмей жатыр. Бензин мен дизельді отын таусылғандықтан елде мектептер жұмысын тоқтатты. Ал мемлекеттік қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр. Жанармай тапшылығынан халық автокөліктерін тастап, белесепетке отыруды жөн көрді. Салдарынан экологиялық таза көліктің құны күрт аспандап барады. Бұған қарамастан оған деген сұраныс күннен күнге жоғары.