428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жыл басынан бері 300-ден астам мемлекеттік қызметкердің мансабын жоғарылату жайлы ұсыныс түсті

  • 1283
  • UPD: 11:08, 25.07.2017

Ақмола облысында биыл жыл басынан бері 300-ден астам мемлекеттік қызметкердің мансабын жоғарылату жайлы ұсыныс түскен.

Бұл аттестациялық комиссияның қорытындысы. Себебі мамандардың барлығы өз қызметін мінсіз атқарып, білімі мен біліктілігін жоғары дәрежеде көрсете білген. Солардың бірі Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Акбар Хасеинов.

28 жастағы Акбар Хасеиновтің мемлекеттік қызметке келгеніне небәрі екі-ақ жыл болыпты. Оған дейін кәсіпкерлік саласында еңбек еткен. Бірақ осы аз ғана уақыт ішінде ол қалалық әкімдікте қатардағы қарапайым маманнан бастап, басшылық қызметке дейін сатылап көтерілген. Қазір білдей бір бөлім жетекшісі. Ол бұл қызметке жақында өткен аттестацияда жоғары нәтиже көрсетіп, соның арқасында осы жұмысқа тағайындалған.

Акбар Хасеинов, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

- Көп адамдар мемлекеттік қызмет деген оңай емес, ал жұмыста сатылап көтерілу мүлдем мүмкін емес деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Егер адам өз жұмысын асқан сүйіспеншілікпен атқарып, білімі мен біліктілігін дәлелдей білсе, алмайтын асуы жоқ. Мәселен мен күнде таңертең жұмысқа көтеріңкі көңіл-күймен келемін. Себебі елімнің дамуына аз да болса, үлес қосып жүргенімді сезінем.

Иван Юрченко, қала әкімінің орынбасары:

- Акбар Хасеинов – жас, өзіндік ерекше ойлары бар білікті маман. Ұжымда абыройлы. Тапсырылған міндеттерді жылдам әрі мінсіз атқаруға тырысады. Ол жұмыс барысында өзінің жан-жақты қабілетті екенін көрсете білді.

Мемлекеттік қызмет істері департаментіндегілерінің айтуынша, биыл аймақта жыл басынан бері Акбар секілді 329 мемлекеттік қызметкердің қызметін жоғарылату жайлы ұсыныс жасалыпты. Айтуларынша, мұның барлығы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндетінің аясында атқарылып жатыр.

Берген Беспалинов, МҚІСЖҚІА Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы:

- Біздің облыста мемлекеттік қызметке жас мамандардың көптеп келіп жатқаны байқалады. Оларды арнайы тағылымдамадан өткіземіз. Өткен аттестацияның қорытындысына келсек, оған қатысқан 3900 мемлекеттік қызметкердің 91%-ы жақсы нәтиже көрсетіп, кәсіби біліктілік талаптарына толықтай сай келетінін дәлелдеді.

Қазір Ақмола облысында 5 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Сала мамандарының айтуынша, аймақтың мемлекеттік қызмет саласында бүгінде 8% бос орындар бар екен.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы