423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандық ғалымдар ғылыми жетістіктерін дәлелдеу арқылы грантқа қол жеткізеді

  • 1632
  • UPD: 11:26, 26.07.2017

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсім бағыты» бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында егжей-тегжейлі баяндалды.

Жоспарда басымдық берілген бағыттың бірі ел экономикасына негіз болатын инновациялық даму екені белгілі. Инновация – экономика негізі. Ғылыми жетістіктерге қыруар қаржы бөлу арқылы өндіріс саласында көл-көсір пайда табуға мүмкіндік мол. Ұлт жоспарының 64-ші қадамында көзделген бұл міндет қарқынды жүзеге асырылып келеді.

Ғылым нәтижелерін коммерцияландыру – мемлекет деңгейіндегі маңызды міндет. Инновациялық ізденістер ғана Қазақстан дамуын жеделдете алады. Соңғы 2 жылдан бері бұл іс жүйелі жолға қойылды. Ұлт жоспары арқылы тыңнан түрен салған ғалымдарға «Ғылым қоры» АҚ тарапынан гранттық көмек ұсынылады. Мәселен былтыр отандық өнертапқыштар арасында байқау жарияланып, оған 300-ден аса өтінім түсті.

Құрманғазы Омаров, ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ жобалар дирекциясының директоры:

- Ең белсенділігі жоғары Алматы өңірі бойынша 13 жоба жүзеге асырылуда. Астана өңірінен 6 жоба, Қарағанды өңірінен 5 жоба, қалған өңірлерден 1-2 жобадан. Әр жобаның гранттық сомасы 300 млн теңгеге дейін. Жүзеге асып жатқан жобалардың ішінде 24 млн теңге, 75 млн теңге жеңіп алған жобалар бар.

Былтыр жарияланған байқау нәтижесінде 27 жоба үздік деп танылды. Яғни өндіріске осынша инновациялық ізденіс енгізіліп, толайым табысқа кенелтті. Астанадағы жарықтандыру құралдарын шығаратын зауыт өкілдері де ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс істеп, кәсіп ауқымын кеңейтуге кірісті. Қысқаша айтқанда олар нано-фосфордан филаментті шамдар жасап, ауыл шаруашылығы үшін тиімді пайдалануды көздеп отыр. «Сол арқылы өнім өндірісі ұлғаяды», дейді жоба жетекшілері.

Аманкелді Таукенов, компанияның бас директоры:

- Өсімдікке қажетті жарық көлемін анықтап алдық. Яғни қияр, қызанақ және өзге де көкөніс түрлерін өсіру жолдарын зерделедік. Филаментті шамдар жағылып тұрса, кез келген жылыжайдағы өнімділік шаршы метріне 80 киллограммға дейін ұлғаяды.

Енді бұл жоба 7 мың шаршы метрлік жылыжай аумағында қолданылады. Нысанды «Астана жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында салу көзделіп отыр.

Қажетті қаржының бірінші бөлігі аударылған. Жалпы отандық ғалымдар ғылыми жетістіктерін дәлелдеу арқылы ауқымды грантқа қол жеткізеді. Биылдан бастап оның талаптары біршама жеңілдеді.

Құрманғазы Омаров, ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ жобалар дирекциясының директоры:

- Биылғы конкурстың негізгі ерекшелігі Қазақстандағы әлеуетті өтінім берушілер өздерінің өтінімдерін электронды портал арқылы беруге мүмкіндіктері бар. Биыл шамамен 30 грант алушы жоспарланып отыр.

Өндіріс үшін тиімді әрі пайдалы жоба жасалса, оның игілігін тұтас ел көреді. Ал табысты теңдей бөлу заң бойынша нақтыланып, тараптар мүддесі толық ескерілетін болады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы