418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 500-ге жуық сынып жаңа оқу жылынан бастап ағылшын тілінде оқытылады

  • 876
  • UPD: 12:39, 26.07.2017

Жоғары сынып оқушылары білім берудің жаңа әдісіне өз еркімен көшуге ниет білдірді.

«Бұған ата-аналар да келісіп отыр», дейді Білім және ғылым министрі. Үкімет үйінде өткен брифингте Ерлан Сағадиев «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асып жатқан өзгерістер туралы әңгімеледі. Бүгінде мектептерде сабақ беретін 4 мың ұстаз ағылшын тілін үйренген. Шетел тілін тағы 8 мың мұғалім қыркүйек айында меңгермек. Бұл үштілді оқыту жүйесіне көшудің алғашқы қадамы.

Айту керек, қазіргі таңда қазақстандық оқушылардың 90%-ы қазақ тілінде білім алады. Биылғы түлектердің 76%-ы ҰБТ-ны ана тілінде тапсырған.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Баса назар аударатын мәселе – мына орыс мектептерінде оқитын 500 мыңға жуық бала қазақ тілінде сөйлемейді. 11 жыл оқыса да түсінеміз. Бірақ нашар. Әдістеме дұрыс емес. Жаңа әдістеме дайын. Биыл оны эксперимент ретінде мектептерге береміз. Жаңа әдістемеге мыңнан астам мектеп жазылған.

Ұлт жоспары аясында 12 жылдық білім беруге 2019 жылы толық көшу де қарастырылған. «Қазақстандық оқушылар нөлінші сыныптан бастап оқытылатын болады. Осылайша балаларды бірінші сыныпқа дайындаймыз», – дейді Ерлан Сағадиев. Өйткені бүгінде мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндердің 15%-ы әріп танымайды. Ал жаңа жүйе бұл олқылықты жояды деп сенеді министр.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Оны толық іске асыру үшін 2019 жылға қойып отырмыз. Сол жылы бірінші сынып оқулықтары екіге бөлінеді. Біреуі әліппе болып 0 сыныпқа барады, ана тілі 1 сыныпқа қалады. Қазіргі уақытта барлық оқулықтар дайын. Эксперимент ретінде 150 мектеп оған қатысып, жаңа оқу жылынан бастап экспериментке кіреді.

Хабар 24 телеарнасы