432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британиялық сарапшылар: Қазақстанда туризмнің түр-түрін дамытуға болады

  • 1104
  • UPD: 14:05, 26.07.2017

Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасындағы басым бағыттың тағы бірі – отандық туризмді дамыту.

Ұлт жоспарына сәйкес өңірлік мәдени-туристік кластерлер құру межеленіп отыр. Британиялық сарапшылар бұл толық жүзеге асса, оң нәтиже беретін игі бастама дейді.

Пол Далквист – Ұлы дала елін еуропалықтардан алғашқылардың бірі болып зерттеп, тарих үшін өлшеусіз байлық қалдырған британиялық саяхатшы Томас Аткинсонның ұрпағы. Жуырда ағылшын ақсақалы өз отбасымен бірге ата-бабасының ізімен Алматы облысында болып қайтты. Сапар барысында олар ауыл тұрғындарының зор құрметіне бөленіп, ұлттық тағамдардан дәм татты, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қанықты. Тарихи орындар мен ұлттық саябағы көп, табиғаты ғажайып өңірмен жете танысты.

Пол Далквист, турист:

- Қазақстан – ұлан-байтақ мекен. Біз тек кішкене ғана бөлігін көре алдық. Тауы мен шөлдердінде болдық, қалаға бардық. Ал қазір бұлақтың жанында тұрып, суынан дәм татып жатырмыз.

Ал бұл – кейіпкеріміздің отаны Ұлыбритания. Тұманды Альбионда туризм индустрия жолына әбден қойылған.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлыбритания шынымен де туризмнің орталығы саналады. Көрнекі орындары көп монархиялық Англия, тамаша табиғаты бар Шотландия, ортағасырлық қорғандарымен көз тартатын Уэльс және жанға жайлы ауылдарымен ерекешеленетін Солтүстік Ирландия саяхатшыларды әрдайым қызықтырумен келеді. Британиялық сарапшылар Қазақстанның туристік саласының да болашағы зор екендігіне сенімді.

«Ұлт жоспарында көрсетілген туризмді дамыту саясаты өте құптарлық», – дейді осы саланың маманы Джордж Смит. «Географиялық жағынан Қазақстанды тұтас қамтитын қажетті инфрақұрылымы бар алты өңірлік мәдени-туристік кластерлер құру арқылы зор жетістіктерге жетуге болады», дейді ол.

Джордж Смит, саяхат және туризм институтының өкілі:

- Қазақстанның барлық жерінде табиғи қорық, саябақ, тарихи орындар бар. Осының бәрін туристерге көрсету керек. Парктер экотуризмнің ерекше үлгісі. Сондықтан БҰҰ мен Дүниежүзілік туризм өкілдері мұндай жерлерге қолдау көрсетіп отыр.

Бұдан бөлек Қазақстанда туризмнің түр-түрін дамытуға болады. Саятшылық құрып, жер-жерді аралауға, мәдениетін көріп, танымын кеңейтуге мүмкіндік бар. Жанға дауа, дертке шипа болатын қасиетті орындар да аз емес. Спорттық туризм де дамып келеді. «Алайда Қазақстан туризмнің жаңа түрлерін дамыту үшін алдағы бес жылда біраз тер төгу керек», дейді сарапшы. Сонда ғана мемлекет қазынасына қаржы тарту мүмкін болмақ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы