426,50 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің ЖОО-лары түлектерге дипломды дербес университет үлгісімен беретін болады

  • 2076
  • UPD: 10:02, 31.07.2017

Қарағандылық білім саласының мамандары жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейтуді бірауыздан қолдап отыр.

Жекеменшік жоғары оқу орындарын халықаралық тәжірибеге сай трансформациялау мәселесін де құптайды. «Бұл міндет оқу ордаларының қызметіне тың серпін беріп, ең бастысы, даярланатын кадрлардың сапасын көтеруге септігін тигізеді», дейді ұстаздар қауымы.

Елбасы ұсынған бес институционалдық реформа мен содан туындайтын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 78-қадамы жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оның тетіктерін барынша жетілдіруге бағытталған. «Жас ұрпақтың келешегі кемелді, білімі терең, ақыл-ойы мен парасаты биік болуына бұл маңызды құжаттардың тигізетін үлесі мол», – дейді мамандар.

Велен Молотов-Лучанский, ҚММУ проректоры:

– Бүгінгі таңда біз Назарбаев Университетінің тәжірибесіне қарай отырып, олардың өзіндік дербес оқу бағдарламасына, тәуелсіздігіне қызығамыз. Бұл университеттің бренді бар, осы 78-қадам бағыты бойынша келешекте еліміздің барлық университеттері дербес болуға мүмкіндік алады.

«Жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту бағытында еліміздегі барлық жоғары оқу орындары үздік деген білім ордаларының тәжірибесімен алмасып, бұл іс-шаралар жастардың сапалы білім алуына септігін тигізеді және олардың бәсекеге қабілетті маманға айналуына ықпал етеді», – дейді стратегиялық бөлім маманы.

Алма Мұратова, ҚММУ стратегиялық даму департаменті бөлімінің басшысы:

– Бұған дейін жоғары оқу орындарында мұндай мүмкіншілік болмаған. Қазір университеттер тәуелсіздік алып, болашақта халықаралық серіктестерімен өзара қарым-қатынас жасап, дербес стратегиялық және білім бағдарламасында құра алатын болады.

Жалпы 2021 жылға дейін еліміздегі барлық жоғары оқу орындары түлектерге дипломды мемлекеттік емес, дербес университет үлгісімен беретін болады. Мұның бәрі сайып келгенде Қазақстан азаматтарының әлемдік дәрежеде білімді, кез келген саланы игерген толыққанды маман болуын көздейтін игілікті бастама екені айдан анық.

Авторлары: Айнұр Әбдиева, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы