411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау өңіріндегі «Кендірлі» шипажайының келушілерді қабылдау әлеуеті артты

  • 2732
  • UPD: 10:50, 03.08.2017

Жері шөлейтті Маңғыстауда жасыл желекке оранған Кендірлі шипажайы бар. Жергілікті халық «оазис» деп атайтын мекен - Ұлт жоспарының 57 -қадамында көрсетілген үш негізгі жобаның бірі болып табылады. Шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отырған демалыс орны биыл керегесін кеңейтті. Іргесі 2002 жылы қаланған кешен бір мезгілде 150 адамнан қабылдап келген еді. Жаңа қонақ үйдің салынуымен төсек-орын саны 250-ге жетті.

Кендірлі демалыс орны бастапқыда мұнайшылар балаларына арналып салынды. Тәуелсіздік жылдары жаһандық туристік аймақ ретінде дамыту қолға алынғалы асфальт жол төселді, заманауи үлгідегі ғимараттар бой көтерді. Елбасы шақыртуымен келген ТМД мемлекеттерінің көшбасшылары осы жерде бас қосып, алқалы кеңестер өткізіліп жүр.  

Бұл жерде демалушылар теңізге шомылып, қыздырынып қана қоймай, денсаулығын ширатады. Шипажайда балшық не парафин оранып бұлауға түскен жан кейін минералды ванна қабылдайды. Оңалту орталығы мамандарының айтуынша, науқастың жүйке жүйесін қалыпқа келтіретін пантамен емдеу әдісіне сұраныс жоғары көрінеді.

Ғазиза Адилова, терапевт-дәрігер:

- «Кендірлі» оңалту орталығы 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біздің орталық негізінен сүйек-буын ауруларын емдейтін орталық болып бағытталған негізгі емі. Басқа да ауру түрлерін де қамтып өтеміз. 

Спортсүйер көпшілік үшін жағажай волейболы, бассейн, боулинг және биллярд залдары бар. Кешкі астан соң велосипед теуіп немесе қайықпен теңізге шығып бой жазуға болады. Балаларға арналған шағын аквапарктен күнұзақ кісі аяғы үзілмейді.

Өмірхан Үрпеков, «Кендірлі»  демалыс аймағының қызметкері:

- Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатырған адамдар бар. Ресейден бар, Кавказдан, Әзербайжаннан келіп жатқан азаматтар да бар. Бассейн ішіне аквапарк қосып қойдық. Кішкентай балаларға арналған кинозал бар.

Жазғы шомылу маусымында табиғаты әсем шығанақ жағалауынан еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін табылады.   

Әдемхан Әбиева, демалушы:

- «Кендірлі» демалыс орнына бірінші рет келіп жатырмын. Ем алып жатырмыз. Өте жақсы, емдері ұнап жатыр. Өте ризамыз, рахметімді айтамын.

Қабдош Қалағанов, Атырау облысының тұрғыны:

- Сырттай еститін едім, жақсы деп. Тамаша екен, демалуға болады екен. Демалысымыз жақсы, көңілді өтіп жатыр.

Инвестициялық қаражат тартылуымен келешекте «Кендірлі» демалыс аймағын әлемге әйгілі курорттық орынға айналдыру жоспарда бар. Демек, бұл мекен халық тығыз қоныстанған елді мекен атанар күннің ауылы да алыс емес. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы