388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Емдеу нысандарына электронды картаны енгізудің артықшылығы көп

  • 758
  • UPD: 10:01, 04.08.2017

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында еліміздің медицина саласын толықтай ақпараттандыру талабы қойылғаны мәлім.

Салаға алдыңғы қатарлы технологиялық жүйенің енуі ауқымды реформалардың нақты жүзеге аса бастағанын көрсетеді. Мәселен, батысқазақстандық тұрғындардың басым бөлігі қазірдің өзінде ақпараттық жүйенің жетістіктерін пайдаланып отыр.

Медицина мекемелерін толықтай компьютерлендіру – сала алдындағы жауапты міндет. Әзірге облыстағы емдеу нысандарының 80 пайыздан астамы жаңа бағдарлама жүйесімен жұмыс істеуге көшкен. Қағазбастылықтан құтылып, бар шаруаны компьютердің көмегімен атқару қаншалықты тиімді?

Оралдағы №1 емхана күніне 700-дей адамға қызмет көрсетеді. Емдеу нысанына тіркелген тұрғындардың саны 70 мыңдай. Дәлізде әдеттегідей ұзақ-сонар кезек байқалмайды. Емделушілер бірден электронды түрде кезекке тұрып, ары қарай алдын ала жазылған дәрігеріне кіреді.

Салтанат Иманғалиева, рентген-зертханашы:

– Ақпараттық жүйе бойынша науқастарды компьютерде тіркейміз. Рентген аппараты сандық негізде жұмыс істейді. Түсірілген сурет кескінін бағдарлама көмегімен рентгенолог маманға жолдаймыз. Ол кейін науқасты тиісті дәрігерге жібереді.

Емдеу нысандарына электронды картаны енгізудің артықшылығы көп. Онда науқас туралы толыққанды ақпарат жинақталады. Ақпарат ортақ дерекқорда сақталатындықтан, кез келген емдеу мекемесінде қолжетімді әрі науқастың диагнозы тез анықталып, шұғыл шаралар алуға жол ашылады. Жаңа жүйе жас пен кәрінің көңілінен бірдей шығып отыр.

Вера Фёдорова, қала тұрғыны:

– Бұл өте қолайлы, өйткені басы артық қағаздың қажеті болмайды екен. Алдын ала жазылып келгендіктен, бірден дәрігеріме қаралдым.

Әсия Қойшыбаева, студент:

– Қазір XXI ғасыр технологиялардың дамыған ғасыры деп айтылады ғой. Соған байланысты ақылды қалалар, ақылды үйлер, ақылды поликлиникалар деген сияқтылар пайда болып жатыр. Меніңше, бұл өте жақсы идея. Жас адам ретінде жастарға бұл өте қолайлы. Үйде отырып, дәрігерге жазылып, уақытымызды тиімді пайдаланып келе саламыз.

Еліміздің емдеу мекемелері енгізген бағдарламалардың саны жиырмадан асады. Оларға қойылар басты талап өзара біріктірілген негізде жұмыс істеуі тиіс. Жаңа жүйеге толықтай көшу үшін сапалы ғаламтор желісіне қосылу қажет болады. «Мәселенің түбегейлі шешімін табуы алдағы жылдардың еншісінде»,дейді сала басшылары.

Қанат Төсекбаев, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Біздің облыс бойынша 444 мекеменің 120-сы ғана, яғни шалғай медициналық пункттер, кішігірім дәрігерлік амбулаториялар интернетке қосылмаған. Ал қалғанының бәрі қосылған. Шекаралас алшақ аудандарда жылдың аяғына дейін сол спутниктік интернет орнатамыз.

Ал биыл ғаламторға қосылатын өңірдегі емдеу нысандарын 2019 жылдың соңына қарай толықтай ақпараттық жүйемен қамту жоспарланып отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов 

Хабар 24 телеарнасы