389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Азаматтар арыз-шағымдарын үйден шықпай-ақ сотқа жолдай алады

  • 743
  • UPD: 12:29, 04.08.2017

Үш сатылы сот тараптарға тиімді. Ақтаулық заңгер Нұрсапа Примашев Ұлт жоспарының 16-қадамы азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттырады дейді.

Қызмет өтілі тәуелсіздікпен құрдас заңгер сот жүйесінің бес сатыдан үш сатыға қысқаруы судьялардың істі қарау уақытын үнемдеп, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартқанын айтады. Жаһандық тәжірибеде бар үрдістің басты тиімділігін сот жүйесіне сандық технологиялардың енуімен түсіндіреді.

Ғимаратқа кіреберіс бұрыштағы «Сот кабинеті» электронды үстелі арқылы азаматтар арыз-шағымдарын сотқа жолдап жатыр. Кейін үйден ғаламторға кіріп, істің қаралуын бақылай алады. Демек сот мамандарының құжаттарды қабылдау уақыты мейлінше қысқарады.

Нұрсапа Примашев, өңірлік азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы:

– Қазіргі кезде барлық арыздар электронды түрде, ешкім үйден шықпайды. Өз үйінде компьютермен жолдау арқылы беріп отырады. Оны біз жүз пайызға өсіруге еңбектеніп жатырмыз. Біз мысалға алты айдың ішінде 3700-дей іс қарап, бұйрық шығардық. Сол бұйрық шығару осы 17 шілдеден бастап барлығы электронды түрде болады. Ешқандай қағаз жұмысы болмайды. Сотқа қалай түсті, солай судья компьютерде соттың бұйрығын қабылдайды да орындауға жолдайды.

Ұлт жоспары сот отырысы хатшыларының да қызметін жеңілдетті. Бұрын сотқа шақыру қағаздарын қолмен жазып, поштамен жолдайтын. Қазір SMS арқылы сотқа шақырылатын азаматтың ұялы телефонына хабарлама жібере салады. Бұл қадам бюджеттік шығынды азайтуға септігін тигізген. Ал сот саласына енген реформаның халыққа пайдасы судьялардың істі қарауын созбалаңға салынудан арылтады.

Алтай Қонысов, қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы:

– Өзімнің қазіргі атқарып жатқан судьялық қызметімде бірінші саты ретінде әкімшілік іс қаралады. Екіншісі апелляциялық сатыға келіспеген жағдайда жолданады. Құқықтық бағаны беретін осы саты. Апелляциялық сатыдағы қаралған сот актісіне тағы келіспеушілік білдіретін болса, қазір өзгеріс енгізілді, тікелей ҚР Жоғарғы сотына кассациялық тәртіппен шағым келтіре алады.

Сот жүйесін жетілдіру жолдарын талдайтын дəстүрлі съезд төрт жыл сайын Астанада өтеді. Демек бұқараның 2020 жылға дейін сот сатыларын оңтайландыру жұмыстарының тиімділігімен толық танысуына уақыт бар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы