389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі судьялар этикасын қадағалайтын арнайы комиссия тың жұмыстар атқарып жатыр

  • 673
  • UPD: 09:45, 07.08.2017

 «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының  11-қадамы сот саласына арналған.

Оның ішінде судьялардың есеп беру тәртібін күшейту және жаңа этикалық кодексін жасау сынды маңызды міндеттер бар. Ақтөбеде судьялар этикасын қадағалайтын арнайы комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамында аталған салада ұзақ жыл абыройлы еңбек еткен тәжірибелі судьялар бар. Олар Жоғарғы Сот бекіткен жоспар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.

Судья Рахиля Мұхамбетқалиева осыдан 30 жыл бұрын ең алғашқы ісін жүргізген. Қылмыстық іске нүкте қоярда қобалжығанын айтады. 25 жастағы судьяның төрелігін тәжірибелі әріптестері жоғары бағалайды. Содан бері жүздеген істің ақ-қарасын анықтап берді. Жақында кеудесіне «Үш би» төсбелгісін тақты. Айтуынша, судьяның адамгершілік және моральдық-әдептік бейнесі қашанда жоғары болуы керек. Ал, тиімді жұмыс жасауға бар жағдай жасалған-дейді.  30 жыл бұрынғы сот жүйесімен қазіргі сотты салыстыруға келмейтінін айтады. 

Рахиля Мұхамбетқалиева, облыстық соттың судьясы:

- Қызметімді бастаған кезде біз қаламмен жазатынбыз, кеңес бөлмесінде үкім, шешім бәрін. Қанша қағаз кететін еді. Ол бір жері дұрыс болмаса қайта жазамыз. Қазіргі заманға келетін болсақ, біз білмейтін құрылғылар, атап айтсақ аудио-видео фиксация бүкіл процесте қолданылады. Сонымен қатар компьютерлік техника енгізілді.

Халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайту үшін судьяның әділ әрі бейтарап болғаны жөн. Сондықтан ант қабылдап, жаңадан тағайындалатын судьяларға қойылатын талап мықты. Олардың этикасын қадағалайтын комиссия түсіндірме жұмыстарын жандандырды. Судьялардың VII съезінде қабылданған  Кодекспен ұжым толық танысқан.

Разия Ахметова, Судьялар этикасы бойынша комиссияның төрайымы:

- Біздің комиссия 2 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Алдымен ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргіземіз. Әрбір судьяның тәртібі мен әдебі басты назарымызда. 15 баптан тұратын Кодекс барлық судьяның жұмыс үстелінде тұр. Екінші бағыт судьялар этикасы нормаларының бұзылмауын қадағалаймыз.

Жалпы облыс судьялары жыл басынан бері 15 мыңнан астам азаматтық, 10 мыңнан астам әкімшілік және 5 мыңнан аса қылмыстық істі қараған. Қайтарылған және қараусыз қалдырылған істер саны азайған. Есесіне дауларды шешудің баламалы әдістері қолданылған істер көбейген. Нәтижесінде сот ұжымы сот төрелігін жүзеге асыру сапасы бойынша, республикада 2-орынға шыққан.

Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы