378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бас шаһарда 66 инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылып келеді

  • 871
  • UPD: 14:13, 08.08.2017

Ұлт жоспарындағы «100 нақты қадамның» тең жартысы елімізді индустрияландыру арқылы экономикалық өсімге бағытталған.

Елбасы жарлығымен 2002 жылы құрылған «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы осы бағдардың бірден-бір күре тамыры. Қарыштап дамып келе жатқан индустриалды аумақта бүгінде 66 инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде 44 кәсіпорын елімізді сапалы әрі отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр.

Осыдан 3 жыл бұрын арнайы экономикалық аймағына енген тігін фабрикасы жылына жүз мың өнім шығарады. Әр цех жапондық бағдарламамен жасақталып, автоматтандырылған. «Бүгінде отандық өнім өндірушілерге халықаралық компаниялармен бәсекелесу үшін бар жағдай жасалған», дейді кәсіпорын директорының орынбасары Бақыт Молдабаева.

Бақыт Молдабаева, кәсіпкер:

- Елбасының саясатының арқасында бүгінде кәсіпкерлердің дамуына жеңілдік жасалып жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, 2014 жылы компаниямыз арнайы экономикалық аймаққа еніп, тігін машиналарын құрастырумен айналыса бастадық. Артынша киім-кешекке сұраныс артқан соң, тігін өндірісімен де айналысуды жөн көрдік. 3 жыл бойы жұмысшылар мен шетелдік меймандар тасымалы мәселесін өзіміз шешіп келеміз. Алдағы уақытта қаланың бұл ауданына тұрақты бағыттар жиі қатынайды деген сенімдеміз.

Бұл әскери формалар – Қорғаныс министрлігінің тапсырысы. EXPO 2017 халықаралық көрмесі қызметкерлерін киім-үлгілерімен толық қамтамасыз етіп отырған да осы фабрика. 400 маманы бар кәсіпорын алдағы уақытта кеңейіп, қосымша 125 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ фабрика тәжірибесінде жас кадрларды тігін курстарынан өткізуді де қарастырады.

Дәрия Рақымжанова, тәжірибеден өтуші:

- Бұл жерде мен жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 ай бойы тәжірибеден өттім. Барлық жұмыс жағдайы қарастырылған. Ойымдағыдан да асып түсті десем артық айтқандығым емес. Қуаныштымын. Қызметім өзіме ұнайды.

Көркем Анатқызы, тігінші:

- Бұл жерде жұмыс істеу ұнайды. Қыздардың бәріне ұнайды деп ойлаймын. Біріншіден жаңадан ашылған фабрика, жап-жарық, тап-таза. Уақытылы жалақымызды алып тұрамыз. Үйімізге алып барып, алып келіп тұрады жұмысқа. Түскі ас тегін.

Жаңа қаланың 2027 жылға дейін даму жоспары бар. Арнайы экономикалық аймақ 3 аумақтан тұрады. Олар әкімшілік орталық пен екі индустриалды парк. Біріншісінің аумағы 95%-ға игерілді. Кәсіпорындар мен бастау алған инвестициялық жобалар саны 70-ке жуықтайды. Ал 430 га аумағы бар екінші парктің жобалары әлі де пысықталып жатыр. Бұл жерде шағын және орта бизнесін дамытуға ақшалай үлес қосқан 130 инвестор арнайы ұсынылған жеңілдіктер арқылы дайын кеңселерге орналаса алады. Айта кетейік, бүгінде арнайы экономикалық аумақ 3 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Ерлан Бақаев, Астанадағы АЭА құрылыс нысандарының мониторингі бөлімінің басшысы:

- Астананың экономикалық аумағында шетелдік инвестиция тарту мәселесі де қараусыз қалған емес. Алдағы уақытта Дания елінің инвесторлары арнайы экономикалық аймақта дәрі-дәрмек шығарумен айналыспақ. Ал жуырда қытайлық инвесторлармен инвестициялық жобаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойдық. Қазір келіссөздер жүріп жатыр.

Астананың экономикалық аумағына шетелдік инвестиция тарту қарқыны үдеп келеді. Мысалы шілде ортасында польшалық инвесторлар «Астана – жаңа қала» экономикалық аймағында болып, индустриалды саябақтағы зауыт-фабрикалардың жұмысымен танысқан еді. «Астана Инвест» инвесторларға қызмет көрсету орталығының өкілдері шетелдік меймандарға жер телімі, инфрақұрылым және салықтық жеңілдіктер туралы толық мағлұмат берді. Польша делегациясын бастап келген экономика және даму министрінің орынбасары Ядвига Эмилевич кәсібін сәтті игеріп отырған польшалық компаниялардың аяқ алысын көрді. Ал өзімен еріп келген польшалық инвесторлар Астанада бизнес жүргізудің тиімділігіне көз жеткізді.

Ядвига Эмилевич, Польшаның Экономика және даму министрінің орынбасары:

- Астанаға келген польшалық кәсіпкерлер бизнес үшін қолайлы жағдаймен танысты. Қазақстанда біз құрылысқа қажетті химия өнеркәсібі зауыттарын көптеп ашқымыз келеді. Біз өндірген тауарлар жергілікті тұтынушылардың көңілінен шығады деген сенімдемін. Сондай-ақ Астанада фармацевтикалық фабрика мен теміржол вагондарын құрастыру зауытын салу жоспарда бар.

«Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша, биыл шет елден 100 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Еске салайық, бас шаһарды индустрияландыру шеңберінде 10 бағыт анықталды. Оның негізгі бесеуі сауда-саттық салалары. Олар: туризм, сәулет құрылысы, жасампаздық бағыт, халықаралық қаржы секторлары мен халықаралық және мемлекеттік қаржы ұйымдарына қызмет көрсету саласы.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы