419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысы 5 жылда 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр

  • 970
  • UPD: 14:11, 08.08.2017

Алдағы бес жылда Қостанай облысында 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй тапсыру жоспарланып отыр.

Баспана құрылысы әсіресе облыс орталығы мен Рудный қаласында қарқынды жүргізілмек. Олардың басым бөлігі мемлекеттік бағдарлама аясында салынады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде биыл Тобыл өңірінде 430 отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұл шамамен 30 мың шаршы метр. Мұның сыртында тағы бір бағыт бойынша несиеге және жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Талғат Болатов, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалға берілетін үйлер кезекте тұрғандарға арналған. Биыл жеті үйдің құрылысын бастадық. Рудный қаласы мен Қостанай ауданының Заречный кентіндегі 4 үйді жақында тапсырамыз. Қалғаны келесі жылдың жоспарында.

Тоғыз қабатты үйдің пәтерлері таяуда өз иелерін таппақ. Облыс орталығында салынып жатқан жаңа шағын ауданның панельді қабырғалары жергілікті комбинатта шығарылған. Оның жоғары сапалығына мердігерлер толық кепілдік береді.

Дмитрий Михайлов, бас мердігер:

Асыра мақтағаным емес, бірақ бұл үйлер өте жылы. Ішкі әрлеу жұмыстары, сантехника, газбен жабдықталуы жоғары талаппен жасалған. «Нұрлы жол» бағдарламасымен осы кешеннен пәтер алғандар еш өкінбесі анық.

«Әуежай» шағын ауданы мемлекеттік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Жоба бойынша 2018 жылдың аяғына дейін мұнда қырық бір көпқабатты үй бой көтереді.

Назарбек Қонқабаев, Қостанай қаласы әкімінің орынбасары:

Әлеуметтік нысандарға келетін болсақ, биылдың өзінде біз осы шағын ауданда 900 орындық мектеп құрылысын бастадық. Мұның сыртында әрқайсысы 280 балаға есептелген екі балабақша салынады. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында үлкен спорт кешені ел игілігіне беріледі.

Қазіргі кезде облыс орталығында 20 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Құрылыс қарқыны осылай жалғасатын болса, алдағы екі жылда қоныс тойын тойлаушылардың қатары еселеп артпақ.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы