429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында кәсіп меңгергендер көбейді

  • 1020
  • UPD: 14:02, 08.08.2017

Қостанай облысында биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл қаражат өңірде сұранысқа ие мамандық түрлерін даярлауға мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде кәсіп меңгергендер қатары көбейіп, облыстың ең шалғай мекендерінің өзінде жаңа қызмет түрлері пайда бола бастады.

Арайлым Елеутова Алматыда жоғары оқу орнын бітірді. Ынталы жас әйтсе де еңбек жолын туған жері Торғайдан бастағанды жөн көрді. Сөйтіп қайта даярлау курсы арқылы шаштараз мамандығын меңгеріп шықты да, бос тұрған ғимаратты жалға алып, кәсібін бастады. Бүгінде аудандағы жалғыз сұлулық салонының қызметіне жүгінетіндер көп.

Арайлым Елеутова, кәсіпкер:

Қазіргі таңның өзінде бірнеше қызметтер көрсетіледі. Оның ішінде тырнақ күтіміне байланысты тырнақ бояу, оны дұрыстау, содан кейін кірпік өсіру, қас жөндеу, сонымен қатар бояндыру, шаш үлгілері бар.

Іскер ару биыл мемлекеттік бағдарлама арқылы 1 млн теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болды. Бұл ақшаға қажетті жабдықтарды сатып алды. Кәсібін кеңейтуді көздеген Арайлым тағы екі адамды жұмысқа алып, оларды оқуға жіберіп отыр. Жалпы Жангелдин ауданында кешенді жоспар бойынша 572 адамды еңбекке орналастыру межеленген. Қазір бұл меже 56 пайызға орындалған. 

Руслан Құлетов, Жангелдин аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Биылғы жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша аудан көлеміне 111 млн теңге несие бөлінді. Қазіргі таңда соның 80 млн теңгесін толықтай игеріп отырмыз.

Бағдарламаның негізгі бағыты кәсіптік-техникалық мамандар даярлап, іскерлікке баулу. Бұл мақсатта облыста 4 мың адамды оқыту жоспарланған. Қазір олардың 2 мыңы қысқа мерзімді курстарда оқып, тиісті мамандығын алып шықты.

Зкура Кардиева, облыстық ЖҚӘБ үйлестіру басқармасының бас маманы:

– Дәнекерлеушілер, электриктер, аспазшылар сияқты әр түрлі мамандықтар бойынша оқытуға талаптанып отырмыз. Қазіргі таңда оқуға ниеттенген, оқығысы келетіндер жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуі мүмкін.

Биылғы жеті ай ішінде Қостанай облысында түрлі салада 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Бағдарлама шеңберінде еңбекпен қамтылғандардың санын жыл аяғына дейін 18 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. 

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы