417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысындағы құс фабрикасы әлеуетін арттырып келеді

  • 1547
  • UPD: 14:02, 08.08.2017

Ақмола облысының Еңбекшілер ауданындағы құс фабрикасы жобаға сай толық қуатында жұмыс істеуге көшіп, жылына 300 миллион дана тауық жұмыртқасын өндіретін ірі орынға айналып келеді. Ішкі нарықтан бөлек, алыс-жақын шет елдерді де қамтамасыз етіп отыр.

Құс фабрикасында алғашында жұмыртқа шығаратын 500 мың тауық болса, қазір бұл жерде 1 млн 200 мың бас құс бар. Олардың бабын жақсы білетін Ринат Ермеков кәсіпорын іске қосылғалы бері осында еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, «тауықтардың жемі құнарлы болып қана қоюы аз, оларға едәуір күтім де қажет», дейді.

Ринат Ермеков, құс өсіруші:

Бір тауыққа күніне 120 грамм жем кетеді. Протеині көп, басқа да дәрумендер қосылған өте құнарлы жем болу керек. Одан бөлек жарық, ылғалдылық, температура бәрі қалыпты деңгейде болуы қажет. Оның барлығы автоматты түрде бақыланады.

Құс фабрикасының өнімі қазір елімізде ғана емес Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан секілді мемлекеттерге де экспортталып жатыр. Жалпы кәсіпорында 270 адам еңбек етеді. Барлығы дерлік жергілікті тұрғындар. Ал жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған.

Сабыр Ақмырзаев, фабрика бас директорының орынбасары:

– Біздің ендігі жоспарымыз – осы көрсеткішті бірқалыпты ұстап қалу. Мәселен, біз теміржол мен негізгі автожолдан алыс орналасқанбыз. Сондықтан кәсіпорынға нарықта бәсекеге қабілетті болу оңайға соқпайды. Дегенмен тұрақты жұмыс істеп отырмыз. Жұмысшыларымыз да әлеуметтік жағынан жақсы қамтылған. Тіпті қызметтік пәтер де береміз.

Кәсіпорын басшылығының бір ғана тілегі: «Құрама жем сатып алуға берілетін субсидияны Үкімет қайта қолға алса», дейді. Осыған дейін жемді арзандатуға мүмкіндік беріп келген мемлекеттік көмек биыл тоқтатылған екен.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы