423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да 4 мың адам жұмыспен қамтылады

  • 948
  • UPD: 15:22, 08.08.2017

Батыс Қазақстан облысында 4 мыңдай жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының шарапатын көреді. Қатысушылар бизнестің негіздерін оқып-үйренуімен қатар жеңілдетілген несие алып, өз істерін бастайды.

Бағдарлама аясында биыл өңірде несиелендіру мен бизнес негіздерін үйренушілерге бір жарым миллиард теңге бағытталмақ. Қазірдің өзінде 300-дей ауыл тұрғынына жылына 6 пайыздық көлемде несие берілді. Облыс орталығындағы кәсіпкерлер тарапынан 74 жоба ұсынылған. Зеленов ауданында өз жобаларын сәтті қорғаған 18 азамат жиһаз жасау, дәнекерлеу, жолаушы тасымалдау және мал өсіру секілді бизнес түрлерін өрістетпек ниетте.  

Қуанышбек Ерниязов, Зелёнов ауданы бойынша бизнес-тренер:

– Біздің басты міндетіміз – бағдарлама қатысушыларының өз кәсібін ашуына жәрдемдесу. Оқу аяқталған соң ол адам ең болмағанда шағын бизнеспен айналысса дейміз. Мысалы, 500 мың теңге жұмсап, тігін ательесін ашса. Бұл жерде мемлекет көздеген мақсат біреу. Ол – жұмыссыздықты жойып, қосымша жұмыс орындарын ашу. 

Жаңа немесе қосымша мамандықты меңгеретіндер үшін облыстағы 34 колледж дайын. Фардана Хамзина оқуға Бөкейордасы ауданынан келген. Қазір ол сервис және жаңа технологиялар колледжінде бизнес негіздерін үйреніп жүр. Аталған оқу орны бұған дейін 20 шақты бағдарлама қатысушысына аспаз және кондитер маманының сертификаттарын табыс етіпті. 

Фардана Хамзина, бағдарлама қатысушысы:  

– Осы 3 ай мерзімде арнайы стипендия төленеді.Бітіргеннен кейін өзіміз Орал қаласындағы цехтарда немесе өзіміз ауылдан жаңа бір кәсіп ашып, әрі қарай осы кондитерлік саласын дамытымаз деп ойлаймыз.

Анар Амантаева, облыстық ЖҚҮ және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 800 кісіні техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету, 3 132 адамды қысқа мерзімді оқытуға жолдау жоспарлануда. Бүгінгі күнге тех және кәсіптік біліммен 180 мобильдік топ құрылып, ҰБТ-дан шекті балдарын жинай алмаған және өмірлік қиын жағдайға тап болған 800-дей адамның өтінімдері түсті. Оқыту бірінші қыркүйектен басталады.

Екінші бағыт жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 374 адамға шағын несие беру жоспарланып отыр. Жалпы биыл бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 3,5 миллиард теңге жұмсалмақ. «Нәтижесінде 4 мыңдай өңір тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады немесе өз кәсібін бастайды», – дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы