448,38 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде қоныс аударушыларға арналған қосымша ынталандыру шаралары әзірленді

  • 1051
  • UPD: 20:21, 08.08.2017

Еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударған отбасыларға қосымша ынталандыру шаралары қарастырылған.

Бұл Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірінің еңбекке жарамды халық санын арттыру үшін жасалып отыр. Жалпы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жүзеге асыру барысы Үкімет отырысында талқыланды.

Тың бағдарламада азаматтарға техникалық-кәсіби білім беру көзделген. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпеген және оқу орындарына түсе алмай қалған мектеп түлектері колледжде оқытылмақ. Тегін оқуға қазірдің өзінде 12,5 мың адам үмітті.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Оқыту осы жаңа оқу жылынан басталады. Осы бағдарлама арқылы оқуға түсетін балалар стипендиямен, бір реттік ыстық тамақпен, тегін жолақысымен қамтамасыз етіледі. Бұл жобаға биыл қосымша 3,4 млрд теңге бөлініп, жергілікті бюджеттерше жіберілген.

Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Осы мақсатқа ел қазынасынан 37 млрд теңге бөлінді. Өз кәсібін ашамын деушілерге 18 млн теңгеге дейін шағын несие қарастырылған. 5 жылға дейін берілетін несиенің жылдық ставкасы 6%-дан аспайды. Сондай-ақ бағдарламаның аясында «Бизнес бастау» жобасы жүзеге асты. Ол азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, бизнес-жоспарларын ынталандыруға бағытталған. Алайда жобаға қатысуға ниет білдіргендердің көптігі соншалық, қазір қаржыландыру мәселесі өзекті болып тұр.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:

- Бүгінде кәсіпкерлік негіздерін 7800-дей азамат меңгеріп алды. Оның тек 20%-ы ғана өз бизнес-жобасын қорғайды деген болжам болған. Алайда бұл көрсеткіш 50%-дан асты. Кеше оқудың төртінші легіне іріктеу басталды. Жалпы қараша айына дейін 15 мың адамды оқытамыз. Сол кезде қаржыландыруды қажет ететін жобалардың саны 10 мыңнан асып кетеді.

Ал үшінші бағыт еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға бағытталған. Мұның аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударамын деушілерді ынталандыру қарастырылып отыр. Биыл бұған 710 млн теңге ақша бөлінеді.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

- Бүгінде оңтүстіктен солтүстікке әрзірге 172 отбасы ерікті түрде қоныс аударды және 1 279 отбасы қоныс аударуға дайын. Әрине бұл өте аз көлем. Егер аталған 4 солтүстік облыста бүгінгі демографиялық және көші-қондық үрдістер сақталатын болса, алдағы 5 жылда оларда экономикалық тұрғыда белсенді халықтың саны 167 мыңға азаюы ықтимал. Сондықтан сол өңірлерде еңбекке жарамды халық санын сақтап қалу үшін өңірлермен келісе алдағы бес жылда кемінде 59 мың отбасын қоныс аудару қажет деп шешілді.

Түйткілдің түйінін тарқату үшін қоныс аударушыларға арналған қосымша ынталандыру шаралары әзірленді.

Енді мемлекет көшемін деушілердің жол шығындарын өтеп, пәтер жалдауға арналған субсидияны сақтайды. Жұмыс берушілерге де субсидия қарастырылған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тұрғын үйге несие берудің жеңілдетілген жүйесін енгізу де жоспарланып отыр. Ал ауыл шаруашылығына бет бұрған азаматтарға жер телімдері конкурссыз берілуі мүмкін. «Бастау» бизнес-жобасы бойынша білім алғандарға грант бөлу тағы бар.

Авторлары: Ж.Біркенов, Ғ.Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы