435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде еңбекпен қамту шараларының арқасында 800 адам жұмысқа орналастырылды

  • 1065
  • UPD: 20:35, 08.08.2017

Ақтөбеде жыл басынан бері 7 рет «Еңбек жәрмеңкесі» өтіп, 800 адам жұмыс тапқан.

Әлі 1 200 адам Еңбекпен қамту орталығының тізімінде тұр. Олардың санын азайту үшін өзін-өзі жұмыспен қамту шаралары күшейтілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы іске асқалы 109 ақтөбелік жеке кәсібін ашқан.

«Бабын тауып, баға білсең, ешкі малынан мол табысқа кенелуге болады». Жарты жылда ешкі басын екі есеге көбейтіп, сүтінен 10 түрлі өнім дайындап отырған Жұмабек Мәмбетов осылай дейді. Қала маңындағы Қурайлы елді мекенінде тұратын шаруа отбасы кәсіпті дөңгелетіп әкетті. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 1,5 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 14 бас асылтұқымды ешкі сатып алады. Қазір төлімен бірге 30 бастан асты. Күніне сауылатын 10 литр сүттің өнімін ауыл тұрғындары алады.

Жұмабек Мәмбетов, жеке кәсіпкер:

- Қазір қосымша бізге дамытуға тағы да жер бөліп беріп жатыр. Басын көбейтіп, сүт өнімдерінен істейтін тағамдарды көбейтейін деп отырмыз. Келешекте сыр жасауды қолға аламыз. Бұрынғы қазақтың ұмыт қалған тағамдарын үлкендерден үйреніп, соларды қайта жаңғыртамыз.

Ауыл тұрғындары кәсіп бастамас бұрын арнайы курс оқиды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 50 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып алған. 33 адам бизнес-жобасын дәлелдеп, оларға жеңілдетілген несие берілді. Көбі бау-бақша және мал шаруашылығымен айналысып отыр.

Гүлшат Қаңтарбаева, Жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Биылғы жоспарымыз – 107 адамға 600 млн теңгеден беру. Бүгінгі таңда 33 адам 215 млн теңге несиеге қол жеткізді. 5 ауылдық округ тұрғындарынан қызмет көрсету, мал шаруашылығы мен жылыжай ашқан азаматтар бар.

«Жалпы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы нәтижелі болды», – дейді мамандар. 700-ге жуық адам кәсіптік-техникалық білім алып, мамандық иесі атанған. 2 мыңнан астам адам жастар тәжірибесінен өткен. Әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға 10 мың адам тартылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Іс-шаралар Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жүзеге асады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы