447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында кәсіпкерлік негіздері оқытылып жатыр

  • 2200
  • UPD: 11:59, 09.08.2017

Жамбыл облысында мемлекеттің қолдауымен жеке кәсіп ашамын деген азаматтар бірінші кезекте кәсіпкерлік негіздерін оқып жатыр.

Тек содан кейін ғана Үкіметтік бағдарламамен жеңілдетілген несие ала aлады. Бұл шарт «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасында қаралған. Өңірде жыл басынан бері 433 адам «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқыған. Олар қазір өз кәсібін бастап, алғашқы пайдасын көре бастады.

Қайрат Тутов кәсіпкерлік негіздерін бір ай оқып, жақында жылдық пайызы төмен несие алды. Ол қаражатқа бірнеше құлынды бие алып, қымызын жергілікті нарықта саудалап отыр. Тірлігі жүрсе, мал басын тағы көбейтіп жұмысшы алмақ ойы бар. Мемлекеттік жобада 6 айдан кейін берешекті өтеу жағы қарастырылған. «Бұл жаңадан кәсіп ашқан шаруа үшін үлкен қолдау», – дейді Байзақ ауданының тұрғыны.

Қайрат Тутов, кәсіпкер:

– Оқып болғаннан кейін осы бағдарламамен 1 млн 600 мың несиеге жылқылар алдым. Сауынды биелерді сауып, қымызын сатып, пайда көріп жатырмыз.

Облыста жыл соңына дейін мыңнан астам адамды оқыту жоспарланып отыр. Қазір олардың 50 пайызға жуығы оқып, сертификаттарын қолдарына алды. Жалпы аймақта 6 ауданда кәсіпкерлік негіздеріне «Бизнес-Бастау» арқылы оқытылып жатыр. Қалған 4 аудан мен облыс орталығында мемлекеттік жобаның бірінші бағытымен қысқа мерзімді курстар арқылы жүзеге асырылу үстінде.

Әсия Оспанова, Сарыкемер ауылының тұрғыны:

– Ашқан кәсібімізді қалай жүргізу, қандай бағытта болуы керектігін оқу барысында біліп жатрымыз. Алдағы уақытта сертификат алып, несиені өзіміздің жеке ісімізге жұмсасақ деген ойдамыз.

Запира Медетова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– «Бизнес бастау» бойынша Жамбыл облысында 1115 адамды оқытамыз деп жоспарлап отыр. 1 тамызға 433 адам қазір оқудан өтті. Бұл бағдарламаны бизнес бастауды қаржыландыруға 18,1 млн теңге бөлінген.

Биыл өңірге «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 9,8 млрд теңге қарастырылған. Жобаға қатысуға 22 мың адам өтініш білдірсе, оның 19 мыңы қатысушылар құрамына енгізілді. Айта кету керек, үстіміздегі жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 294 адам несие алып, өз ісін бастап жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә 

Хабар 24 телеарнасы