loader


СҚО тұрғындары «Денсаулық» бағдарламасының шарапатын көре бастады

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары елдің әлеуметтік әлеуетін арттыруға сеп болды.

Денсаулық сақтау жүйесін жаңа сатыға көтеруге бағытталған ауқымды шаралар қолға алынды. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы әзірленді. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында осы бағдарлама аясында жүрекке алғаш рет электрофизиологиялық зерттеу жүргізіліп, науқастарға операция жасала бастады.

Петропавлдық дәрігерлер өткен аптадан бастап жүрек жұмысына электрофизиологиялық зерттеу жүргізу арқылы радиотолқынды абляция деп аталатын операция жасай бастады. Бұл тәсіл арқылы жүрекке катетер жіберіледі. Ал науқасқа тек ауырсынуды басатын арнайы дәрі беріледі. Себебі ол ақхалатты жандармен әркез байланыста болуы шарт. Қазір аса күрделі операцияны жас дәрігер Асхат Молжігітов жасайды.

Асхат Молжігітов, облыстық кардиологиялық орталық бас дәрігерінің орынбасары:

- Біздің ауруханада ең соңғы қондырғылардың бірі орнатылған. Мұндай жабдық елімізде тек бізде ғана бар. Жаңа құрылғы жүректі 3D түрінде модельдей алады. Бұл біз үшін өте ынғайлы. Яғни барлығын алдымыздағы монитор арқылы қадағалап отырамыз. Яғни жүректің ауыратын тұсын емнің күйдіру түрі арқылы емдейміз.

Шетелдің соңғы үлгідегі жабдығы «Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде сатып алынды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 190 млн теңге қаржы жұмсалды. Оның қыр-сырын игеру үшін дәрігерлер Ресейде білімдерін жетілдіріп келді. 

Бұрындары солтүстікқазақстандықтар дәл осындай операцияны жасату үшін Астана, Алматы, тіпті шет елдерге баратын. Енді ол өзімізде қолға алынды. Кардиологиялық орталықта бүгінгі күні 4-5 адамға операция жасалады. Ал олардың әрқайсысына шамамен 2,5-3 сағат уақыт жұмсалады екен.

Ал Ольга Рудиға осыдан бес күн бұрын ота жасалды. Қазір науқас өзін жақсы сезінеді. Дәрігерлер оны санаулы күннен соң үйіне жібермекші. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында жүрек соғысының ырғағы бұзылған 600-ден астам науқасқа жыл сайын осындай ем қажет болады екен. 

Ольга Руди, науқас:

- Операция сәтті өтті. Екінші күні аяғыма тұрып кеттім. Дәрігерлер маусым айында маған тахикардия деген диогназ қойған еді. Енді қазір жүрек соғысы орнына келді.

Өңірде биыл «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жергілікті қазынадан 1 млрд 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа түрлі заманауи қондырғылар мен жедел жәрдем қызметіне 20-дан астам көлік сатып алынбақшы.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Дмитрий Рура

Сондай-ақ...