loader


Елімізде экспорт көлемі артады

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық даму мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейді.

Отандық бизнестің экспортқа бағытталған жобаларын қолдау да бағдарламадағы басым бағыттардың бірі. Мәселен Оралдағы үш жыл бұрын ашылған трансформатор құрастыру зауыты өз өнімінің 95 пайызын шет елдерге экспорттап отыр.

Трансформатор зауыты индустрияландырудың алғашқы бесжылдығына жататын аймақтағы инновациялық жобалардың бірі саналады. Былтыр кәсіпорын Сібір, Қырым, Екатеринбург және Саратов қалаларына 4 мың дана күштік трансформатор жөнелтті. Көршілес облыстардан да тапсырыстар жиі түседі. Теңіз және Қарашығанақ секілді қазба байлығын игеруші ірі компаниялармен келісімшарттарға қол қойылған.

Дулат Ғабдуақитов, трансформатор құрастырушы:

– Көпшілік өнімдеріміз шетелге экспортқа шығып жатыр. Сондықтан біздің өнімдеріміз шетелде жүргеніне қуанамыз. «Қазақстанда жасалған» деген өнім болғасын қуаныш, мақтаныш болып саналады.

Зауытта құрғақ трансформаторлар өндірісі жолға қойылған. Түрік инвесторларымен бірлесіп, электр жабдықтарын шығару ісі қолға алынды. Сыртқы елдер нарығының көлемі де ұлғайып келеді.  «Мысалы армениялық компаниямен арадағы 120 миллион теңгенің өнімін өндіру туралы келісім сәтті жүзеге асып жатыр. Мемлекет тарапынан өнімді жарнамалау, экспортталатын тауарды сақтандыру мен алдын ала қаржыландыру сияқты нақты көмек бар», – дейді кәсіпорын басшылары.

Ақжол Сауранбаев, Орал трансформатор зауытының директоры:

Мемлекет тарапынан бізге субсидиялар беріледі, гранттар бөлінеді. Соның арқасында біз тауарымызды экспорттап жатырмыз. Қазіргі таңда біз жаңа нарықты іздестіру үстіндеміз. Ол Грузия мемлекеті және Түркіменстан. Сол мақсатта жұмыс жасаудамыз.

Қамбар Исмағұлов, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бас маманы:

Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау аясында облысымызда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы іске асрылуда. Аталған бағдарлама іске асырылғалы бері 86,8 миллиард теңгеге 723 жоба мақұлданған болатын. Атап айтатын болсақ, 2017 жылдың 6 айында «ҚазАрмапром» ЖШС-ы 1 миллиард 300 миллион теңге көлемінде өз өнімін РФ-ға және Орал трансфоматор зауыты 3 миллиард теңге көлемінде өз өнімдерін экспортқа шығарған болатын.

Бұдан бөлек аймақтағы кәсіпорындар жоғары технологиялы мұнай-газ жабдықтарын, құбырлар мен жиһаздарды, сондай-ақ шұжық және кондитер өнімдерін экспорттайды. Иран мемлекетіне 1500 тоннаға тарта қозы етін экспорттау жоспарда. Жуырда ғана осы келісімшарт аясында 18 тонна қозы еті Тегеранға жөнелтілді.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...