478,01 474,60 7,90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Көкшетаудағы №1 емхана науқастардың қаралуына барынша қолайлы жағдай жасады

  • 991
  • UPD: 14:49, 11.08.2017

Биыл Көкшетаудағы №1-емханада бірнеше тың жоба жасалды. Енді дәрігерлерге алдын ала жазылудан бөлек мұнда электронды кезек, науқастарды қолдау орталығы және жедел желі қызметі ашылған. Мұның барлығы 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асқан.

Зейнеткер Шәйкен Сейтқазин бұл емханаға жиі келетіндердің қатарында. Денсаулығы сыр бергелі бері жыл сайын осы жерден тұрақты емін алып отырады. Қарияның айтуынша, бүгінде емдеу мекемесінде біраз нәрсе өзгерген.

Шәйкен Сейтқазин, қала тұрғыны:

- Бұрынғымен салыстырғанда жағдай міне, өте жақсы боп келе жатыр. Кезек азайып, қарсы алғандары. Кемпірім де ауырып қалғанда үйден телефонмен жазыламыз электронды түрде. Мұнда келгенде мұнда да талонмен электронды кезекке тұрып, қойылып қойған таблолар бар. Басамыз, талонды аламыз. Докторға у-шусыз кіріп, тәртіпті емделіп шығамыз.

Ақсақал айтып отырған жүйе кәдімгі халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы секілді электронды кезек. Бұл да ұзын-сонар кезекті сейілтіп, «көз қысты, бармақ бастыдан» аулақ болуға сеп. Одан бөлек дәрігерге жазылудың да мұнда түрлі тәсілі қарастырылған.

Гүлнұр Өсіп, қала тұрғыны:

- Дәрігерге жазылу қазіргі кезде өте ыңғайлы. Өйткені №1 емхананың өзінің мобильдік приложениесі бар. Соткаға қосып, мен осы дәрігерлерге жазылып, уақытында келіп отырамын. Өте ыңғайлы, туыстарымды, ата-аналарымды жазып және де менің достарым да осыны қолданады.

Сүлен Ілиясов, №1 қалалық емхананың бас дәрігері:

- Бұдан бөлек бізде медициналық-зертханалық ақпараттық жүйе енгізілген. Ол арқылы пациенттер, бұрынғыдай жолдаманы қағазбен алып жүрмейді. Оның барлығы базада болады. Сараптамалардың нәтижелерін де дәрігер, өз компьютерінен көруге мүмкіндігі бар. Яғни біздегі қызметтер біртіндеп электронды жүйеге ауысып жатыр.

Емхананың кіреберісіндегі электронды ақпараттық тақтада медицина мекемесі жайлы барлық мәлімет бар. Мәселен, кабинеттердің орналасқан қабаттары, өзіңіздің қай учаскеде тіркелгендігіңізді білуге болады. Ал, науқастарға қызмет көрсету орталығы, дәрігерлердің жұмыс сапасын бақылап, тұрғындардың арыз-шағымын қараумен айналысады.

Наталья Цыплакова, №1 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары:

- Бізде барлық бөлімшелерде дыбыс және бейнені жазатын бақылау камералары бар. Біз солар арқылы емханада не болып жатқанын қадағалап отырамыз. Ал, осы жылдың шілде айынан бастап бірыңғай колл-орталықтың жұмысын бақылауды қолға алдық. Себебі, тұрғындардың шағымы көп болды. Қазір қай оператордың кіммен қалай сөйлескені барлығы жазылып отырады.

Емхана күніне 1 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Биыл жақын маңдағы бірнеше ауылдың тұрғындары да осы мекемеге тіркелген. Ал жуық арада Бірлік секілді медицина мекемесі жоқ елді мекендерде шағын медбекеттер ашылмақ.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Халыққа сапалы әрі уақытылы қызмет көрсету үшін емхана ұжымы жаздыкүндері кейбір арнайы мамандардың тіпті, сенбі күндері де жұмыс істеуін қолға алыпты.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы