387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі оңалту орталығына емделуге шет мемлекеттерден жұрт жиі келеді

  • 655
  • UPD: 11:37, 03.01.2018

Ақтөбеге шет мемлекеттерден ем іздеп келетін науқастың қатары көбейген. 4 жыл бұрын ашылған оңалту-сауықтыру орталығы жыл сайын 100-ден астам шетел азаматын қабылдайды. Батыс аймақтағы ең ірі клиника мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде қызмет көрсетеді. Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кейбір қызмет түрлерін бизнес атқарса, тиімді болатынын айтқан еді. Ақтөбенің медицина саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік осыған дәлел болғандай.

Оңалту-сауықтыру орталығы тәулігіне 300 адамға қызмет көрсетеді. Мұнда негізінен жүрек-қан тамырлары мен тірек қимыл жүйесі ауруларын емдейді. Орталықтағы дәрігерлердің көбі медицинасы дамыған елдерде оқу тәжірбиеден өтіп келді. Өңірдегі мықты деген 300 маман осы жерге топтастырылған. 4 жыл ішінде көрші мемлекеттерден келіп емделгендер болды.

Изольда Каландия, оңалту-сауықтыру орталығының бас дәрігері:

- Біздің оңалту орталығының сайты бар. Көбінде шетел азаматтары қарап, қызықтыратын сауалдарын жолдап жатады. Мысалы, Дағыстаннан, Уфадан, Орынбор облысынан әдейі ем іздеп келгендер болды. 

Орталыққа мемлекет тарапынан біраз көмек көрсетілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша инженерлік желілер тартылды. Мұнда ең озық емдеу-диагностикалық құралдарының бәрі бар. Жалпы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өңірдің медицина саласының дамуына тың серпін берді. Жақында позитронды-эмиссиялық томограф орталығының құрылысы басталады. Қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтайтын орталықты шетелдік инвесторлар салып береді. 

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Тамыз-қыркүйек айларында осы нысанның құрылысы басталу керек бізде. Келісімшартқа қол қою жоспарланып жатыр. Одан басқа, тек қана облыс орталығында емес, ауылдық жерлерде де медициналық нысандарға қазіргі таңда сұраныс бар. Мейлінше медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында дәрігерлік амбулаториялар, акушерлік пункттер мен медициналық пункттер нысандарын мемлекеттік-жекеменшік аясында салу жоспарланып отыр.

Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  негізінде қызмет көрсететін 28 нысанның жобасы жасалып жатыр. 3 ірі медициналық мекеменің құрылысы аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін заманауи жедел жәрдем бекеті ел игілігіне тапсырылады. 

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы