loader


Атырау облысындағы зауытта жұмыстың көбін робот техникалар атқарады

Мұнайлы өлке Атырау облысындағы ірі өндіріс орталықтары қондырғыларын кезең-кезеңмен автоматтандыруға көшті. Индустриялды карта аясында жаңадан ашылған зауытта жұмыстың көбін робот техникалар атқарады. Ал мамандар өнім сапасы мен жалпы жұмыс барысын ғана қадағалап отырады.

Кәсіпорынның дәнекерлеу цехында 12 робот қондырғы жұмыс істеп тұр. Атқаратын жұмыс ауқымы өте көп болғанымен, робот техникалар тапсырысты діттеген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қол еңбегі айтарлықтай азайды.

Ерлан Маякин, өнім сапасын бақылау инженері:

– Үш-төрт адамның еңбегін атқара алады. Екінші артықшылығы – қауіпсіздігі. Өйткені дәнекерлеуші оператор мұны алыстан басқара алады, ешқандай түтін немесе басқа да шашырайтын оттардан алыс тұрады. Үшінші артықшылығы – сапасы. Бұл дәнекерлеу роботының тоғы үлкен және темір балқыған кезде өте терең балқытып, сапасын жоғары алады.

Жаңа зауытта жетпіске жуық адам еңбек етеді. Маманның барлығы – шетелдерде біліктіліктерін арттырған жергілікті тұрғындар. Жұмысшылар жаңа технологиялардың көмегімен бәсекеге қабілетті, әрі сапалы өнім өндіріп отыр. 

Әлібек Мұрат, дәнекерлеу цехының басшысы:

– Жүз пайыз дәнекерлеу жұмыстарының ішінде 60 пайызын осы роботтандырылған дәнекерлеу машиналары өткізіп жатыр. Болашақтағы жоспарымыз – көрсеткішті 80 пайызға дейін көтеру.

Зауыт тек ірі компанияларға ғана емес, жеке тұрғындарға да қызмет көрсетеді. «Өнімге сұраныс көп болғандықтан, салынған инвестицияның қайтарымы жоспарлаған мерзімге сай келеді», – дейді мамандар. Кәсіпорын әзірге жылына 6 мың тоннаға дейін металл құрылғылар жасап шығаруды жоспарлап отыр.  

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов

Сондай-ақ...