424,02 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үкіметте жаңа кедендік кодекс таныстырылды

  • 996
  • UPD: 11:50, 23.08.2017

Құқықтық құжат Еуразиялық экономикалық одақ аумағында алыс-беріс пен барыс-келісті оңтайлы түрде жүргізуге бағытталған.

Сондай-ақ кедендік декларация тапсыру ісін толық автоматтандыруды көздейді. Сол арқылы еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуеті артып, сыртқы экономикалық қызметі жақсаруы тиіс.

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жаңа кедендік кодекс қолдану бастамасы осыдан 3 жыл бұрын көтерілді. Осы уақыт аралығында әр мемлекет тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, бизнеске қолайлы орта қалыптастыру мәселесі қызу талқыланды. Мәселен еліміз осы күнге дейін одақтың атқарушы органына 552 түзету жолдаған. Нәтижесінде, соның 65 пайызы қолдау тауып, қазақстандық тараптың мүддесі ескерілді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Соңғы 3 жыл бойы Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕАЭО-ның жаңа Кедендік кодексін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылғаны мәлім. Қазір ратификациялау рәсімінен өткізілуде.

Одақтың жаңа кодексі күшіне енгеннен соң, елдегі басқа заңнамалар да қайта қаралды. Бұл іспен жауапты жұмыс тобы соңғы 8 айдан бері айналысып, қолданыстағы нормалардың жартысынан астамын өзгертті. Министр Сүлейменовтің айтуынша, жаңа нұсқадағы кодекс 8 бөлімнен тұрады. Онда енгізілген басты ерекшелік, кедендегі бизнес үдерістердің автоматты жүйеге көшуін көздейді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Егер декларант қандай да бір себеппен кедендік баж салығы мен салықтарды төлей алмаса, бұл мерзімді мемлекет пайыз төлету жолымен 1 айға ұзарта алады. Жекелеген жағдайларда 6 айға дейін пайызсыз шегеруге болады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Тауарларды декларациялау және шығару процесі автоматтандырылатын болады. Тәуекелдер болмаған жағдайда ақпараттық жүйе декларациялар бойынша шешімді санаулы минутта қабылдайтын болады. Бұл ретте, декларацияны қараудың жоғарғы мерзімі 1 жұмыс күнінен 4 сағатқа қысқартылды.

Жаңа ережелердің инвесторлар үшін де пайдасы зор. Себебі олардың декларацияны тапсырғанға дейін тауарларды шығару мүмкіндігі молая түседі. Айта кетейік, бұл өзгерістер келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Және одақ аумағындағы жаңа кедендік кодекспен біркелкі қолданылады.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП» Басқарма төрағасы:

Декларацияны электронды түрде тапсыру бизнеске қолайлы мүмкіндік беріп отыр. Енді 1 қаңтардан бастап барлық кеден процестері автоматты жүйеге көшеді деген сенімдеміз.

Ұлт жоспары аясында атқарылған шаруа мұнымен шектелмейді. Үкімет бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын да жеңілдетіп отыр. Сол арқылы қағазбастылық азайтылып, қазынадан қаржы бөлу үдерісі оңтайлануы тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы