430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда үштілділік бағдарламасымен 200-ге жуық мектеп жұмыс істейді

  • 1743
  • UPD: 21:54, 27.08.2017

Көптілділік – білім берудің жаңа сатысы. Ұлт Жоспарында мемлекет басшысы отандық білім беру жүйесін жетілдіруді тапсырды. Бүгінде оқу ордалары үштілділікті біртіндеп енгізе бастады.

Бұл бағытта Павлодар облысы ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп отыр. Аймақтағы 200-ге тарта мектеп-лицейлер үштілділік бағдарламасы бойынша жұмыс істейді.

Ділназ Дүйсембаева №20-шы қалалық мектеп-лицейінің мақтанышы. Ол түрлі бағыттағы көптілді олимпиадаларға қатысып, талай белестерді бағындырған. Бұған лицей қабырғасында жүріп, ағылшын тілін жетік меңгеруі септігін тигізді. Биыл Қарағанды қаласында өткен зияткерлік сайыста ағылшын тілінен мектеп намысын қорғады.

Ділназ Дүйсембаева, №20 мектеп-лицейінің оқушысы:

Келешекте мен АҚШ-қа барсам деп армандаймын. Әрине тіл үйрететін курстар ашуға да болады. Басқа тілдерді танып білгеннен кейін өзімнің білімімді өзгелерге сыйлаймын.

№20-шы мектеп-лицейі – пәндерді үш тілде оқытатын алғашқы білім беру мекемесі. Оқушыларды көптілділікке баулу ісі тәжірибе ретінде өткен жылы енгізілген болатын. Жаман емес. Тіл үйренуге ден қойған оқушылардың 30 пайызы жоғары нәтижеге қол жеткізіпті.

Тоғжан Мүлікбаева, №20 мектеп-лицейінің физика пәнінің мұғалімі:

– Осы кезеңде физика, химия, информатика және биологиядан арнайы курстар ұйымдастырылды. Тілді жетік меңгеруі үшін балаларға арнап терминологиялық сөздік әзірледік.

Білім ошағында жазғы тіл үйрету мектебі жұмыс істеді. Бұл алған білімді нығайта түсуге септігін тигізді. Мұғалімдер лингвистикалық ортаның қалыптасуы оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттыратына сенімді.

Сәбина Байғожина, №20 мектеп-лицейінің оқушысы:

– Біз қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқимыз. Менің ойымша, мектеп-лицейіміз көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Дамудың ішкі әлеуетін арттырады. Біз 21-ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан жан-жақты болуға мейлінше тырысуымыз керек.

Жаңа оқу жылында облыс көлемінде 188 мектеп көптілділік саясатын жүзеге асырады. Жеті мыңдай оқушы үш тілде білім алады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы