388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында жұмыссыздар саны 25 мыңды құрайды

  • 1143
  • UPD: 14:25, 31.08.2017

Жамбыл облысында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен несиеге берілген қаражаттың 80% мал шаруашылығына жұмсалады.

Аталған жоба аясында биыл өңірге 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның 3,3 миллиарды жергілікті тұрғындарды шағын несиелендіруге беріледі. Осының арқасында 10 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, аймақтың жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі артпақ.

Қалменовтар – мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көріп, пайдасының дәмін татқан іскер әулет. Бірнеше жыл бұрын бұл отбасы «Жұмыспен қамтудың – 2020» жобасымен 3 млн несие рәсімдеп, оған мал басын көбейту мақсатында сиыр алған. Кейін түскен төлді бордақылап, етін сатып көреді. Пайда молырақ түсетіндігіне көз жеткізіп, берешегін жылдам өтейді. Жақында келіндерінің атынан жаңа бағдарламамен тағы 3 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Оған бірнеше бас бұқа алып, бордақылап отыр.

Ерлан Қалменов, кәсіпкер:

- Өз есебіңнен кәсіп бастау оңай емес. Себебі бір бас, ары кетсе 2-3 бас алуға болады. Ал оның пайдасын көру уақыт жағынан тиімсіз. Ал мына бағдарламаның тиімділігі бірден жаппай 15 бас алып келдік. Енді бір-екі айдың ішінде тез нәтижесін көрсетеді.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жобасына қатысу үшін азаматтар кәсіпкерлік негіздерін оқуға міндетті. Биыл облыста осы бағытта 1 115 адамға дәріс беру жоспарланған. Қазір 626 адам оқып, қолдарына сертификат алды.

Ғалижан Мейірманов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Облыс бойынша 420 адамды несиелендіруге 3,3 млрд теңге қаражат қаралған болатын. Бүгінгі күнге айта кететін болсақ, осы 420 адамның ішінде 413 адам 2 млрд-қа жуық теңге шағын несие алып өз істерін жаңадан бастауда.

Дегенмен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жаңа жобаға кеш кірісті. Салдарынан осыған қатысты жұмыстар кешеуілдеген. Мамандар оны жоба ережелерінің екі айға кеш бекітілуімен байланыстырып отыр.

Ғалижан Мейірманов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Жүзеге асырудың ережелері бекітілуіне байланысты жылдың басында тиісті жұмыстар кешеуілдегені рас. Бүгінгі күнге барлық жоспарлы көрсеткіштер толығымен орындалуда. 90%-дан астам қаражат қазір игеріліп қойды. Яғни жаңағы қаржы ұйымдарының есепшотына аударылды.

Облыста 60 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі  жұмыс істеп тұр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың бірінші тоқсанында бұл кәсіпорындармен 55 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Онда 120 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жалпы айта кету керек, қазір Жамбыл облысында 25 мыңдай адам жұмыссыз. Бұл өңірдегі жұмыссыздық деңгейінің 4,9 пайызын құрайды. Мамандар бұл тұрақты жағдай деп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы