384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да республикалық маңызға ие 3 жол күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр

  • 599
  • UPD: 15:40, 31.08.2017

Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 9 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Соның бірі өңірдегі сапасы сын көтермейтін «Орал-Тасқала-Ресей Федерациясының шекарасы» атты жолдың құрылысы. Күре жолдың ұзындығы 100 шақырымнан асады.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Дәл қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызға ие 3 жол күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Олар көршілес Ресей шекарасына дейінгі «Орал-Тасқала» тас жолы мен «Чапаев-Жалпақтал» және «Қазталов-Жәнібек» бағытындағы жолдар. Мына біз тұрған «Орал-Тасқала-РФ шекарасы» аталатын күре жолдағы күрделі жөндеу жұмыстары «Нұрлы жол»  мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатыр. Қазір мұнда қайнаған қызу тірлік, құрылыстың қарқыны бір сәтке де толастамайды. Биылғы жаз жаңбырлы болды. Әрі жол салу маусымдық жұмыс болғандықтан, қоңыр күзге дейін біраз шаруа тындырылуы тиіс. Біздің білуімізше, құрылыс жұмыстарына 450-дей  жергілікті тұрғын тартылған. Қаражат толықтай бөлінген, қажетті техника мен маман-кадрлар жеткілікті. Мердігер кәсіпорын жұмысты екі ауысымда вахталық әдіспен ұйымдастырған. Сапаны қадағалап отыратын арнайы зетрхана жұмыс істейді. Биыл құрылысшылар жолдың ең жауапты бөлігі саналатын 52-ші шақырымды аяқтауы тиіс. Өйткені дәл осы тұста 44 су өткізу құбыры мен 16 инженерлік құрылым бар. «Жол азабын жүрген білер» демекші қос мемлекетті жалғайтын күре жолдың құрылысы тезірек аяқталса деген тілек көптің көкейінде жүр.

Алтай Көлгінов, облыс әкімі: 

- Елбасымыздың қабылдаған «Нұрлы жол» бағдарламасы өңіріміздің экономикасына үлкен септігін тигізуде. Күретамыр жолдар жөнделуде.  Мына республикалық маңызы бар жол Қазақстан мен Ресейді жалғап отыр. Ұзындығы 100 шақырым. Соның 80 шақырымнан астамын биыл бітіреміз. Мұны ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен біргігіп қарастырдық. «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылуы – Елбасының бақылауында тұрған мәселе. Оның маңызы зор. Халыққа жаңа жұмыс орны ашылып жатыр және жолдардың сапасы да жақсарды. Сондықтан ол біздің күнделікті бақылауымызда. Жалпы биыл біздің өңірде 500 шақырым жол жөнделуде: облыстық маңызы бар, аудандық және облыс орталығындағы жолдар. Мысалы облыстық маңызы бар жолдардың сапасы былтыр 26% пайыз болса, биыл оны 30%-ға жеткіземіз. Ал республикалық маңызы бар жолдардың сапасы 80 пайызға «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында пайда болады. Сонымен қатар бізде алыс аудандардың үшеуі қалды. Биыл Қазталов ауданының жартысына дейін жол саламыз. Сосын Жәнібек ауданының 20 шықырымы биыл бітетін болады. Алдағы уақытта да министрлікпен тығыз жұмыс атқарамыз.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Айта кететін жайт, аталған жол құрылысында өңірде алғаш рет геотекстиль төсемі пайдаланылып жатыр. Топырақ бетіне төселетін материал мұнай қалдығынан дайындалады. Ылғал өткізбейді әрі қиыршық тас пен құмның топырақ қабаттарымен араласып кетуіне жол бермейді. Мамандар жөндеу жұмыстарынан кейін жол жабынының биіктігі 64 сантиметрге, ал тасжолдың ені 9 метрге дейін ұлғаяды деп отыр.

Хабар 24 телеарнасы