389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бүгін еліміздің барлық өңірінде алғашқы қоңырау соғылды

  • 1527
  • UPD: 22:41, 02.09.2017

Бүгін елімізде жаңа оқу жылы басталып, 380 мыңдай бала үшін алғашқы қоңырау соғылды. Айта кету керек, биыл 1-ші қыркүйек Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен мектептердегі салтанатты жиындар бүгінге ауыстырылды. Сондай-ақ бірінші екінші, бесінші және жетінші сыныптар білім берудің жаңа мазмұнына көшеді.

Қасиетті Құрбан айтпен қатар келген Білім күні алматылық оқушылар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Соңғы үш жылда оқушылар саны 25 пайызға артқан шаһарда 1200 орындық білім беру мекемесінің тұсауы кесілді. №174 мектеп-гимназиясы қабырғасындағы алғашқы қоңырауға қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

Арнагүл Маликова, қалалық №174 мектеп-гимназиясының директоры

Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы бойынша «Сәби» қайырымдылық қоры мемлекетке сыйлық ретінде өткізіп отыр. Осы аудандағы ата-аналардың атынан, өзімнің атымнан осындай мектеп сыйлағанына рахмет айтамыз.

Оңтүстік Қазақстан облысында да оқу жылының алғашқы күнінде жаңа 20 мектептің тұсауы кесілді. Балаларға есігін айқара ашқан білім ұясының 15-і «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған. Оған ұлттық қордан 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жыл соңына дейін тағы бірнеше мектептің құрылысы бітіп, ел игілігіне берілмек.

Гүлшат Шымырбаева, № 69 жалпы орта мектебінің директоры:

– Біз үшін бұл ең қуанышты, сәтті күн. Өйткені біз бұған дейін 10 жыл бойы кішкентай ғана мектепте оқығанбыз. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Достық» мөлтек ауданында 1200 орынға арналған үлкен зәулім мектеп салынып отыр. 6 лингафон, 4 мультимедия, география, биология, физика кабинеттері бар. Асхана, мәдениет залы бар.

Ал Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаңа маусым бұрынғыдан айрықша аталып өтті.

Мұнда алғашқы сабақты пән мұғалімдерінің орнына еліміздің елеулі азаматтары берді. Олардың арасында белгілі кәсіпкерлер, спортшылар, өнер қайраткерлері бар.

Мирас Ибраимов, кәсіпкер:

– Бүгінгі кездесу мен үшін жақсы өткенмен, балаларға ұнады деген үміттемін. Әрине осындай лекцияларда бір адамның тағдырын күрт өзгерту мүмкін емес. Ең басты мақсат – олармен кездесіп, ынталандыру.

Дильнұр Ермұқанова, 8-сынып оқушысы:

– Маған кездесу өте ұнады, мені шабыттандырды. Енді мен қалаған ісіммен айналысып, жоғары қарай ұмтыла беремін деген ойдамын.

Елордалық нөмірі 58-інші мектеп-гимназиясында бүгін үлкен мерейтой. Білім ошағының ашылғанына 10 жыл. Бүгін мұнда 350 балдырған алғашқы қоңырау сылдырын естіді.

Самал Нұғыманова, № 58 мектеп-гимназиясының директоры:

– «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының шеңберінде ашылды. Алғаш ашылғанда 930 бала болса, бүгінгі таңда 2700 балаға жетіп отырмыз. Бүгінгі күні бірінші сынып оқушыларының саны 350.

Министр Сағадиев жаңа оқу жылында бірінші, екінші, бесінші һәм жетінші сыныптар білім берудің жаңа мазмұнына көшетінін айтты. Ал басқа сыныптар жаңа бағдарламаға алдағы үш жылда кезең-кезеңімен қосылатын болады. Сонымен қатар 5 күндік оқу жүйесі де енгізіліп отыр. Соған байланысты сабақ саны артты, бірақ уақыты бұрынғыдай 45 минут емес, 40 минуттан болады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Биылғы оқу жылының ерекшелігі – ірі үлкен өзгерістер болуында. Ең маңызды шешімдер былтырғы оқу жылында қабылданды. Енді тек қана оны әрі қарай жалғастыратын боламыз. Жұмыстарымыз қиын емес. Мұғалімдер де дайын. Оқулықтар да жеткілікті.

 

Авторлары: Жасын Біркенов, Қ.Қайыпбекова, Аршын Кемелжан, Қанат Жүнісбеков 

Хабар 24 телеарнасы