426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Торғайлық кәсіпкер ауылда тапшы мамандықтарды оқытатын колледж ашып берді

  • 1357
  • UPD: 08:15, 04.09.2017

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мектеп салып, қазақ даласында тұңғыш білім қоңырауын қаққан Торғайда да заманға сай кәсіптік-техникалық колледж ашылады. Кәсіпкер Жанайым Спабекова «Туған жер» бағдарламасы аясында жерлестеріне осындай сый жасады. Қазіргі таңда оқу мекемесінің құжаттары әзірленіп жатыр.

Торғайда колледж ашылатынын естіген Қайрат Райысов қатты қуанды. Өйткені мал бағып, егін егетін оның шаруашылығынд жұмыс күші тапшы. Себебі шалғайдағы Жангелдин ауданында мамандар даярланбайды. Ал қалада оқығандардың қайтып оралуы қиын.

Қайрат Райысов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Қазіргі таңда механизатор, жүргізуші, дәнекерлеуші деген мамандықтар керек. Тіпті жоқ деп айтуға болады Торғайда колледж ашылса, содан шыққан түлектер болса, жұмыс табылады.

Жангелдиндік шаруалардың тілегі орындалар күн де алыс емес. Торғайдан түлеп ұшқан кәсіпкер Жанайым Спабекова туған жерінен колледж ашуға шешім қабылдады. 60 млн теңге бағыттап, Торғайдағы бос тұрған ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Колледж ашылғанда, онда өңірге қажет мамандар даярланады.

Төлеген Нұриденұлы, Ж.Спабекованың інісі:

- Техникалық мамандықтар, атап айтсақ, аспазшы, дәнекерлеуші, электрик, сондай-сондай техникалық мамандықтар. Бұл жерде агроном, ветеринар т.б мамандықтар болады.

Жангелдин ауданы бойынша жылына жүзге тарта адам мемлекеттік бағдарламамен кәсіптік курстардан өтеді. Облыс орталығынан алты жүз шақырым алыс жатқан өңір үшін қатынастың өзі қиындық тудыратын. Енді жоспарды жергілікті жерде игеруге мүмкін ашылмақ.

Талғат Әміров, Жангелдин аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 2021 жылға дейін арналған бағдарламаға ғой, бізде оқыту жоспары көбейіп отырады. Соған байланысты өте қажет осы колледж, сонымен қатар ҰБТ-дан өтпеген, өте алмай қалған, 11 сынып бітірген балалар осы колледжден білім алып, өздерінің білімін шыңдар еді.

Қазіргі таңда оқу мекемесінің ғимараты дайын. Мамандар құрамы да толық, енді құжаттары әзірленіп жатыр. Сертификат алысымен оқу басталады деп күтілуде. 

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы