387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында құрамында дінтанушы ғалымдар бар «Рухани керуен» жолға шықты

  • 1196
  • UPD: 20:47, 05.09.2017

Алматы облысында «Рухани керуен» жолға шықты. Құрамында 50-ге жуық дінтанушы ғалым, жергілікті өнер майталмандары және жастар ұйымдарының өкілдері бар керуен өңірдің шалғай аудандарын аралап, тұрғындармен кездесу өткізеді. Өнерпаздар өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынса, теолог ғалымдар дін ұстану мәселелеріне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Жетісуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізіндегі бағдарламасынан туындаған міндеттемелер сәтті жүзеге асып жатыр. Осы уақытқа дейін аталған бағдарлама бойынша облыста 100-ден астам жоба қолға алынған. Соның бірі – құрамында 50-ге жуық адамы бар «Рухани керуен». Олар үш ай бойы облыстағы барлық аудандарды аралап шығады. Аталған шара қараша айында Талдықорғанда қорытындыланады. 

Жақсылық Омар, облыс әкімінің орынбасары:

- Біздің бұрынғы ата-бабамыздан қалған дініміз, салт-дәстүріміздің бәрі оның әнінде қалған, күйінде қалған, жырында қалған, дастандары мен термесінде қалған. Соны біздің өнер адамдары сол жаққа барып, тыңдармандарға ұсынатын болады.

Ал дінтанушы ғалымдар болса, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Онда асыл дініміз бен ұлттық құндылықтар, атадан балаға мирас болып келе жатқан әдебиетіміз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз ғылыми тұрғыдан сараланып, талданатын болады.  

Ермек Келемсейіт, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Осының барлығы түптеп келген уақытта еліміздегі мынау бүгінгі өмірімізді ары қарай жақсарту. Тәуелсіздігімізді баянды ету. Соған салқынын тигізетін нәрселердің бәрін жою. Ішкі-сыртқы дүниелермен жұмыс істеу.

«Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламаларын жүзеге асыруға Алматы облысындағы кәсіпкерлер мен ауқатты азаматтар да бір кісідей атсалысуда. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданындағы кәсіпкерлердің бірі Ащыбұлақ ауылынан 300 млн теңгеге саябақ салып берсе, Қарасай ауданындағы қалталы азаматтар «Батыр бабалар» мемориалын тұрғызды. Алакөл ауданында бизнесмендердің қаржысына денешынықтыру-сауықтыру кешені, Лепсіде аурухана салынып жатыр. «Мұның барлығы келешек ұрпаққа үлгі-өнеге. Қазақтың алтын бесігі, түп-тамыры, темірқазығы, рухани діңгегі ауылда. Шалғай аудандарға көш түзеудегі негізгі мақсатымыз - тарлан тарих пен жарқын болашақтың көкжиегін үйлесімді сабақтастыру,- дейді «Рухани керуен» жобасын ұйымдастырушылар. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы