386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында Бейбарыс Сұлтан жайлы баяндайтын көрме ашылды

  • 922
  • UPD: 09:25, 06.09.2017

Атырау облысындағы тарихи-өлкетану музейінде күллі қазақтың мақтанышына айналған Бейбарыс Сұлтан жайлы баяндайтын көрме ашылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған шарада батыр баба заманындағы, яғни XIII ғасырдағы әскерилер қолданған дүниелер көпшілікке таныстырылды.

Жайық өзені үстінен салынған Еуропа мен Азия құрлығын жалғайтын орталық көпір Бейбарыс атымен аталады. Ал облыстың тарихи-өлкетану музейінде арнайы көрме жұмыс істеп тұр. Бейбарыс Сұлтанның сарбаздары қолданған мылтық, XIII ғасырда Мысырда соғылған алтын теңгелер, қайқы қылыштар секілді көне заманнан сыр шертетін көптеген жәдігер Бейбарыс Сұлтанға арналған мүйісте сақтаулы тұр.

Динара Дүйсенбаева, тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:

- Дамаскідегі  «Бабипаритер» зиратында жерленген. Мәңгілік мекенінің фотосуреті бар және Дамаскідегі Бейбарыс Сұлтанның қабірі, қабірінің фотосуреттері, онда жазылған жазулар да біздің музейдегі экспозицияда орын алған.

Мысыр елінде 17 жыл билік құрған Бейбарыс Сұлтан көрнекті мемлекет қайраткері, әскер ісін жетік меңгерген қолбасшы болған. Заманында Мысырға төнген «крест жорығын» тоқтатып, өзі билеген елін шапқыншылықтан сақтап қалды. «Мешіт, медреселер салып, басқарған халқын ілім-білімге үндеген дара тұлғаның Қыпшақ даласында дүниеге келгені толық дәлелденді»,дейді тарихшылар.

Дулат Хамзин, музей қорын сақтаушы:

- Бейбарыс Сұлтан 1225 жылы беріш тайпасынан шыққан тұлға деп айтылып келеді. Жалпы Бейбарыс Сұлтан осы қыпшақ даласынан жаугершілік кезінде құлдыққа сатылған. Өзінің жігерлілігімен, адуындығымен сондай бір жалынымен ерекше көзге түсіп, кейін қолбасшылық дәрежесіне дейін жеткен  көрнекті тұлға.

Қилы заманда елінен айырылғанымен, рухы көсем болып оралған батыр бабаны көпшілік әлі күнге мақтаныш тұтады. 2000 жылы Бейбарыс Сұлтанның 775 жылдығына орай облыс орталығында саябақ ашылып, үлкен ескерткіш қойылды. Ал 2011 жылы батырдың атына көше берілді.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Хабар 24 телеарнасы