417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында жергілікті тұрғындар күрес мектебін ашты

  • 941
  • UPD: 09:25, 07.09.2017

Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы өңірлерде қызу қолдау тауып отыр. Соның бірі Ақмола облысына қарасты Қорғалжын ауылында көрініс берді. Жергілікті азаматтар қараусыз қалған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, әлемдік талапқа сай кілем төсеп, балуандар үйін ашты.

Салтанатты шараға қазақтың белгілі бапкерлері мен балуандары қатысты. Бостан Жаңбырбаев, ағайынды Талғат және Жанат Байшолақовтар сынды әлемдік аренада жүлде алғандар арнайы ат басын бұрды.

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков жерлестердің игі бастамасына алғыс айтты. Күрес бөлімі ашылғаннан кейін оған бапкер қажет екендігі анық. Азаматтар осы мәселені де оң шешіпті. Самбодан әлем чемпионатының жүлдегері Марат Тахановты шақырып, самбо мен дзюдоны бірдей меңгерген маман енді аудан балаларын баптауды қолға алмақ. Бір кезде бокс арқылы елімзге танылған Қорғалжын енді күрес түрлерін дамытуға кірісті.

Балташ Қарағожин, бокстан КСРО спорт шебері:

– Қазір спорттың ең биік шыңға шыққан кезеңі деуге болады. Бұл жағдайда өзіміздің Елбасымыздың рухани жаңғыртудың куәсі деп есептеуге болады. Сол кісінің арқасында осындай тәжірибеге жетіп, жастарға бүгін сарай аштық. Анау ата-бабасы Қажымұқанды еске түсірді, мұны балалардың келешек бақыты деп есептеуге болады.

Диханбай Биткөзов, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы:

Үлкен қалаларда Алматы, Астанада спорт түрлерінен академиялар ашылып жатыр. Енді ауылдық жерде академия ашу қиын. Бірақ ауылдың азаматтары бірігіп, спорт клуб ашқан екен. Еліне, өзінің өскен, оқыған жеріне тағзым деуге болады. Ата-ана, ұстаздардың еңбегін ақтап, осындай спорт клуб ашып жатқан жігіттерге ризамын.

Хабар 24 телеарнасы