389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ОҚО-дан Қостанай облысына биыл 30 отбасы көшіп барды

  • 815
  • UPD: 14:19, 07.09.2017

Олардың бәрі тұрақты жұмыспен қамтылған. Осылайша қоныс аударушылар теріскей өңірдегі тапшы мамандардың орнын толтырып отыр. Ал келер жылы астықты аймаққа келушілер саны бұдан да артпақ.

Ахмедияр мен Нұргүл Қызылорда облысы, Қазалы ауданынан көшіп келді. Екеуі де мұғалім. Алайда бұрынғы тұрған жерінде оларға мамандығына сай қызмет табылмады. Отағасы жаттықтырушы, жұбайы зертханашы болып істеді. Қазір Нұргүл Федосеев негізгі мектебіне бастауыш сыныптарға сабақ береді.

Нұргүл Құдабай, қоныс аударушы:

– Ұжым жақсы қабылдады. Басшылар да, ұстаздар да қолдарынан келгенше көмектесеміз деп жатыр. Өзіміздің мамандығымыз бойынша жұмысымыз табылып, жағдайымызды жасаймыз, балаларымыздың болашағын қамтамасыз етеміз деген мақсатпен келіп отырмыз.

Ал Ахмедияр дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасты. Оның сыртында спорт үйірмелерін жүргізеді. Бұған дейін ауыр атлетикадан жаттықтырушы болған ол бірнеше спорт шеберлерін шыңдады. Жаңа мекенде сол жетістіктерін қайталап, спортты дамытуды мақсат етіп отыр.

Ахмедияр Құдабай, қоныс аударушы:

Қызым мен ұлым спорт шебері. Қазақстан, облыс чемпионаттарына қатысып жүрген балалар. Енді бұл елде де Құдай қаласа, нәтиже беруге тырысамыз.

Мұғалімдер отбасын Федосеев ауылының тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Топырағы құнарлы, түгін тартса май шыққан Тобыл өңірі оларға айрықша ұнап отыр. Қоныс аударушылар үшін отбасындағы әр жанға 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни 80 мың теңге шамасында бір реттік жәрдем беріледі. Сонымен қатар баспанаға санатына қарай 18-35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жыл сайынғы көмек көрсетіледі. Қостанай облысында қазір әлеуметтік сала мамандарына сұраныс көп.

Бақыт Әбілқайырқызы, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы:

– Көбінесе бізге керек мамандықтар – дәрігерлер мен мұғалімдер. «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде болғаннан кейін мамандығы бар кісілер бізге қажет.

Келер жылы Қостанайға қоныс аударушылар саны күрт өседі. Жоспар бойынша оңтүстік, батыс өңірлерден 502 отбасы, яғни 2008 адамды көшіріп әкелу көзделген. Олар қызметі бойынша облыстың барлық аудандары мен қалаларына орналастырылмақ. 

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы