419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақан серінің домбырасы Ықылас атындағы музыкалық аспаптар мұражайына қойылды

  • 1975
  • UPD: 18:04, 07.09.2017

Еліміздің рухани мұрасы тағы бір құнды жәдігермен толықты.

XIX ғасырдағы ұлы тұлға, ақын, сазгер Ақан серінің домбырасы Ықылас атындағы ұлт аспаптар мұражайына қойылды. 150 жылдық тарихы бар аспапты музейге саналы ғұмырын Ақан серінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арнаған танымал жазушы Сәкен Жүнісовтің ұрпақтары тапсырған. Қаламгер Көкшеге барған бір сапарында домбыраны Ақан серінің ғашығы Ақтоқтының ұрпақтарынан алған екен. «Бұған Сәкен Жүнісовтың оны алып тұрған сәттегі фотосуреті дәлел», дейді ғалымдар.

Болашақта ғасыр асып ұрпақтарымен қауышқан тарихи аспап туралы ғылыми мақалалар, зерттеулер жасалмақ. Қала күнімен орайластыра ұйымдастырылған шараға қала әкімі Бауыржан Байбек, өнер зерттеушілері мен дәстүрлі әншілер қатысты. Өткеніміз оралған, рухани жаңғырған салтанатты кеште еліміздің танымал өнер майталмандары Ақан серінің әндерін орындады.

Дәулет Жайлыбаев, ұлт аспаптар мұражайы ғылым бөлімінің меңгерушісі:

- Тұтас ағаштан шауып, сол қалақ домбыра тәрізді жұмырланып жасалған. Бірақ басқа да мемориалдық аспаптармен салыстырғанда бұл домбыраның ерекшелігі өте мықты шеберлердің жасағаны белгілі. Жылтырата тегістеуі, барлығы сол XIX ғасырдағы үлкен аспап жасау шеберлігін көрсетеді.

Хабар 24 телеарнасы