420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысындағы жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы қуаттылығын еселей түсті

  • 1980
  • UPD: 09:53, 10.09.2017

Жамбыл облысында жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы қуаттылығын арттыра бастады. Кәсіпорын жуырда Индустриялды-Инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған. Әзірге күніне 75 мың жұмыртқа шығарып тұр.

Мұнда келесі жылдан бастап ресейлік және еуропалық технологиямен жылына 80 миллион дана жұмыртқаға дейін шығарады. Сапалы өнімге жергілікті нарықта сұраныс артып келеді. Иран мен Ауғанстан елдері де келісімшартқа отыруға ниетті.

Жамбыл ауданындағы құс фабрикасы мемлекеттік жобамен бір жарым ай бұрын іске қосылды. Мұнда асыл тұқымды тауықтар балапан кезінде жеткізілген. Бұл құстар жылына 330 күн бойы жұмыртқа береді.

Үсен Құрманбеков, құс фабрикасының директоры:

– Голландтық технологияны қолданамыз. Құрал-жабдық Испаниядан әкелінген. Ол қазанның аяғында іске қосылады. Бүгінгі күнде 45 пайыз іске қосылып жатыр.

Бүгінде 40-қа жуық адам еңбекпен қамтылған. Фабрика директорының айтуынша, қазір технолог және ветеринарлар жеткіліксіз. «Сондықтан мамандарды Алматыдан шақыртуға мәжбүрміз», – дейді. Негізінен кәсіпорында жергілікті тұрғындар жұмыс істейді.

Дүрия Балтабаева, жұмысшы:

– Күніне 3 мыңға жуық жұмыртқа тартпасы шығады. 70 мыңға жуық жұмыртқа қолымыздан өтеді. Формасына қарай элиталы жұмыртқа, орташа санаттағы жұмыртқа, сосын кіші жұмыртқа болып бөлінеді. Сынықтарын бөлек сұрыптаймыз. Сөйтіп қораптарға салып, жөнелтеміз.

Жалпы жобаның құны 1 миллиард теңгеге жуықтайды. Фабрика толық қуатта жұмыс істеуге шыққанда құс саны екі есе артады. Бұл күніне 210 мың дана жұмыртқа алуға мүмкіндік береді. Қазір арнайы қорада Ресейден әкелінген 93 мың балапан өсіріліп жатыр. 

Бауыржан Төлендиев, Жамбыл ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:

– Облыстың даму картасының екінші кезеңіне ауданнан үш жоба енгізілген болатын. Жалпы құны 4,5 миллиард теңге. Екі жоба 2016-жылы іске қосылды. Үшінші жоба жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың шілде айында іске қосылды.

Экологиялық таза өнім жергілікті нарықтан артылып жатқан жоқ. Жоғары сұраныс Ауғанстан мен Иран елдерінен түсіп отыр. Отандық тауарды тұрақты экспорттауға фабрика қуаты әлі жеткіліксіз. Кәсіп иелері: «Оған келер жылы қол жеткіземіз», – деп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы