422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Батыс Қазақстанда баспанамен қамту жұмыстары қарқын алды

  • 951
  • UPD: 11:53, 11.09.2017

Оралда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде салынған алғашқы тұрғын үй пайдалануға берілді.

Сонымен қатар Зашаған шағын ауданында да көпқабатты үйдің кілттері иелеріне табысталды. Биыл Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 11 млрд теңгеден астам қаржы игеріледі. Сөйтіп өңірде 10 көпқабатты және 183 жеке тұрғын үй бой көтермек.

Бақыт Ерғали – Жаңақала ауданының тұрғыны. Ауыл мектебінде 32 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. «Зейнет жасына жеткен соң облыс орталығында үйім болса деп армандадым. Міне үш бөлмелі су жаңа пәтердің кілті де қолға тиді. Мұндай қуанышты сәтке тек еңбектің арқасында ғана жетуге болатынын түсіндім», дейді ұстаз.

Бақыт Ерғали, Жаңақала ауданының тұрғыны:

- Көңіл-күйім өте тамаша, қуаныштымын. Көптен күткен арманымыз орындалып, жаңа пәтерге ие болып жатырмыз. 2013 жылдан бастап ақшамды салып, жинадым. Еңбек еткен кісіге бәрі болады екен. Тек ізденіп еңбек етіп, алға баса беру керек.

9 қабатты 180 пәтерлік тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. Құрылысты жергілікті мердігер кәсіпорын белгіленген мерзімде аяқтады. Жаңа үйге кезектегі отбасылар мен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» салымшылары қоныстанатын болады. Ал Деповская көшесіндегі 90 пәтерлік тұрғын үй апатты деп танылып, кейін бұзылған баспананың орнында бой көтерді. Қос ғасырдың куәсі саналатын ескі үй 16 отбасының ортақ қонысы еді. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі бағдарламасының сәтті жүзеге асуының нәтижесінде тұрғындар жарық та жайлы пәтерлерге қоныстанып отыр.

Күләш Шантаева, қала тұрғыны:

- 2 жылда салып береміз деп еді, салып берді. Көңіліміз жақсы, қуанып тұрмыз. Жаңа үй, техникасы да, бәрі жаңа.

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Биылғы жылы біз «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 14 көпқабатты үй саламыз, аяқтайтын боламыз жыл соңына дейін. Сонымен бірге 8 ауданда үйлер салынып жатыр. Сонда 1 600 пәтер, яғни 1 600 отбасы үйлі болады. Бұл үйлерді жекеменшік қаражаттың, яғни құрылыс компаниялары өз қаражаты есебінен салып жатыр. Біз оларға жер береміз, ал абаттандыруды мемлекет есебінен саламыз.

Оралда төтенше жағдайдағы үйлердің саны 40-тан асады. Қазіргі таңда соның 9-ы бұзылып, орнына жекеменшік инвестиция есебінен 7 жаңа үй салынып жатыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы